Абай облысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған Семей қаласының тұрғыны өлі табылды.
Абай облысы ПД мәдіметінше, 11 қараша күні сағат 15:40-та іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 1982 жылы туған Ринат Ахметовтің денесін тапқан. Ол Бородулиха ауданына қарасты Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі далалық аумақтан анықталды.
Алдын ала болжам бойынша, ер адам үсіп қайтыс болуы мүмкін. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Іздестіру жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде Абай облысы Полиция департаментінің 30 арнайы жасақ қызметкері қатысты. Сондай-ақ төтенше жағдайлар органдарының 10 қызметкері, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен досы жұмылдырылды. Іздеу шараларына жергілікті тұрғындар да көмектескен.
Жету қиын аумақтарды тексеру үшін жергілікті тұрғындардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылды.