Семей қаласында ер адам анасын балағаттап, қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Семей қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, ер адам пәтерде отырып, анасының атына балағат сөздер айтып, оған құрметсіздік танытқан.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы 14 ақпанда полиция қызметкерлері оған қорғаныс нұсқамасын берген болатын. Алайда ол белгіленген тыйымды бұзған.
Соттың түсіндіруінше, қорғаныс нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан немесе қауіптен қорғау үшін қолданылады. Ол құқық бұзушыға жәбірленушімен байланыс жасауға немесе оған қысым көрсетуге тыйым салуы мүмкін.
Сот отырысы барысында ер адам өз кінәсін толық мойындаған.
Сот қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.