Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған айтыстың жеңімпаздары анықталды

8 Тамыз 2025, 19:52
1643
Бөлісу:
 BAQ.KZ
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Семейде Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған айтыстың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Елімізде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы кеңінен тойлануда. 

Тойдың сегізінші күні Семейдегі Абай атындағы театрда "Адамзаттың Абайы" атты республикалық айтыс өтті.

Айтыста еліміздің әр өңірінен келген 12 айтыскер бақ сынасып, ұлы ойшылдың мұрасын, халқына қалдырған өсиетін жырына арқау етті. 

Олардың қатарында "Айтыстың ақтаңгері" Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 "Алтын домбыра" иегері, сондай-ақ Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, "Асыл домбыра" иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов болды. 

Айтысты белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Айтыстың марапаттау салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы осындай айтыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

"Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" жырлаған гуманист ақын Абайдың мерейтойына арналған "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Ақынның мұрасын насихаттауға арналған айтыс Семейдің төрінде өтуі керек. Келесі жылдан бастап ұйымдастырып тұрамыз. Республикалық айтыстың күнтізбелік тізіміне енгізуді сұраймыз, - деді облыс әкімі Берік Уәли.

Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина (1 млн теңге), екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан (1 жарым млн теңге) иеленді. 

Бірінші орын алған Рүстем Қайыртайұлына 3 млн теңге берілді. 

Көрермен қауымның үлкен қошеметіне ие болған аламан айтыстың бас жүлдесі қарағандылық Мақсат Ахановқа бұйырды. Айтыскерге автокөлік сыйға тартылды.

Айтысқа қатысқан басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді. 

Ақын Қуандық Кенжебекұлы Сиязбек Сүлейменов әулетінің арнайы жүлдесіне (200 мың теңге) ие болды. 

Облыс әкімінің арнайы жүлдесі (500 мың теңге) Мұхтар Ниязовқа табысталды. 

Аймақ басшысы Абай тойына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға, қазылар алқасының мүшелері Сауытбек Абдрахманов пен Төлеген Жанғалиевқа, айтысты жүргізген Аманжол Әлтайға құрмет көрсетіп, арнайы тапсырыспен жасалған Абай шапаны мен тақиясын және мерейтойлық кілемшені тарту етті.

 

Өзгелердің жаңалығы