Семей мен Өскеменнің бұрынғы әкімі қайтыс болды

7 Қаңтар 2021, 13:21
1529
Бөлісу:
Семей мен Өскеменнің бұрынғы әкімі қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей мен Өскеменнің бұрынғы әкімі  Амангелді Қажыбаев қайтыс болды. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желісінде жариялады. 

Өскемен қаласының құрметті азаматы Қажыбаев Амангелді Қажыбайұлының өмірден озуына байланысты отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Амангелді Қажыбаев - Тарбағатай ауданының тумасы, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері.Кезінде Өскемен және Семей қалаларын басқарған, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, - деп жазды Жақсылық Омар Instagram желісіндегі парақшасында. 

Қажыбаев Амангелді Қажыбайұлы 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Комсомол ауылында туған. 

Қазақ политехникалық институтын және Алматының жоғары партия мектебін бітірген. Институтты тамамдағаннан кейін Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында электрслесарь болып істейді.

Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында 12 жыл, содан кейін – 10 жыл Зырян қаласында жұмыс істеген. Алғашында партия қызметінде болады, ал 1987 – 1991 жылдар аралығында – Зырян қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1991 жылы – «Крамдс-Цветмет» акционерлік қоғамының президенті болады. Тарбағатай ауданының, Өскемен қаласының Құрметті азаматы болып табылады.

1992 жылы – Шығыс Қазақтан облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қорғаныс өнеркәсібі комитетінде жұмыс істеді.

2001-2002 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады.

2002 жылы қараша айында – Семей қаласынын әкімі болып тағайындалады. 2004 жылдың 15 қаңтары мен 2005 жылдың 17 қаңтары аралығында Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарды. Амангелды Қажыбаевтың тұсында жолдарға және Ертіс арқылы өтетін көпірге жөндеу жүргізілді, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру басталды, ауған соғысы әскерлерінің ескерткіші тұрғызылды.

Амангелды Қажыбаев – Өскемен қаласының Құрметті азаматы. Өнертабысы үшін берілген 4 авторлық куәлігі және 1 монографиясы бар.

2003 жылы «Алтын Барыс» төске тағатын белгісімен марапатталған.

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне Амангелды Қажыбаевқа «Өскемен қаласының әкімі» атаулы медалі тапсырылды.

2005 жылдан бастап «Жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар департаментінің» директоры болды.


Өзгелердің жаңалығы