Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей қаласының 19 дәрігері қызметтік көлікке ие болды. Жыл соңына дейін медициналық жабдықтары бар 216 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Автокөліктер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің қызметкерлеріне арналған. Қызметтік көліктер медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен ұтқырлығын арттыру мақсатында табысталды.
Пандемия кезінде дәрігерлерге мобильді болу өте маңызды. Бұл көліктерді дәрігерлер мен медбикелер пайдалануы керек. Сондай-ақ, Семейге жақын арада тағы бір компьютерлік томографты жеткіземіз. Ол №2 қалалық ауруханаға беріледі, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Семей қаласында 360 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін 23 медициналық-санитарлық мекеме жұмыс істеп тұр. Шілде айының басында өңірде 373 мобильді бригада құрылған, оның 71-і Семей қаласында. Медициналық қызметкерлер қала тұрғындарының үйлеріне барып, алғашқы көмек көрсетуді қамтамасыз етуде.