2024 жылы BAQ.KZ тілшісі Қазақстан волонтерларымен бірге Арал теңізінің құрғаған табанына барып, сексеуіл көшеттерін егу жұмысына атсалысқан болатын. Бүгінде ол көшеттер қаншалықты жерсінді және сексеуіл отырғызу Арал аймағын экологиялық апаттан қалай құтқарады, сарапшылардан сұрап көрдік.
Волонтерлар еккен сексеуіл көшеттері жерсінді ме?
2024 жылы наурызда Қазақстан волонтерлары алғаш рет Қазалы қаласынан 6 сағат жол жүріп, Арал теңізінің құрғаған табанына барып, сексеуіл көшеттерін отырғызды. Себебі сексеуіл – құм көшкінін тоқтататын, шөл және шөлейт аймақтарда экожүйені сақтауға көмектесетін өте маңызды өсімдік. Зерттеулерге сәйкес, бір сексеуілдің орташа бұтасы тамыры арқылы 4 тоннаға дейінгі құм мен тұзды ұстап тұруға қауқарлы.

Аталған орман отырғызу жұмыстары кезінде еріктілерден құрылған топ жоспарланған 10 мың түп сексеуіл көшетінің 5100 данасын отырғызды. Сол кезде Халықаралық Аралды құтқару қоры сарапшысы Мария Заднепровская өсімдіктің қанша пайызы жерсініп кететінін шамалаған еді.
Әдетте Аралдың құрғаған табанында механикалық әдіспен егілген сексеуілдің жерсінуі 30 пайызды құрайды. Бірақ біздің жағдайда сексеуіл көшеттері қолмен салынғандықтан, жерсініп, өсіп кететіндері 50 пайыздан асуы мүмкін, - деп топшылады.
Алайда күзгі орман санақ жұмыстары кезінде отырғызылған сексеуіл көшеттерінің 38,8 пайызы жерсінгені анықталды.
.jpeg)
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, 2024 жылы көктемгі орман отырғызу кезінде Арал теңізінің құрғаған табанына жалпы аумағы 65 мың гектарға сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Арал теңізінің құрғаған түбінің жалпы ауданы шамамен 6 млн гектарды құраса, оның ішінде Қазақстанға Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 2,8 млн гектары кіреді.
"Сексеуіл егуді тоқтатпау керек"
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бұлқайыр Тасқайырұлы сексеуіл Арал теңізінің құрғаған табанындағы микроклиматқа қалай әсер ететінін айтты.
Егер сексеуіл өсіп кетсе, оның жел жылдамдығын бәсеңдететін қасиеті бар. Сол арқылы қар тоқтап, ылғал жиналып, микроклимат аздап өзгере бастайды. Температура 2–3 градусқа болса да төмендеп, жағымды әсер етеді. Ал ең бастысы сексеуіл құмның ұшуын тоқтатады. Желдің жылдамдығы азаяды ғой, демек құм ұшпайды. Құм ұшпаған соң эрозия, қатты дауылдар болмайды, - деп түсіндірді профессор.

Алайда маман сексеуілдің жерсініп кетуі әр жылда әрқалай екенін жеткізді.
Жақсы жылдары, жауын-шашын жеткілікті болған кезде 50%-ға дейін өсіп кететін жағдайлар бар. Бірақ бұл – тұрақты емес. Сондықтан жыл сайын еккен сексеуілдің жартысынан көбі өспей қалуы мүмкін, - деді Бұлқайыр Тасқайырұлы.
Маман жауын-шашын аз болған жылдары сексеуілді егу нәтижесі нөлге шығуы да мүмкін екенін атады. Бірақ соған қарамастан сексеуілді отырғызу жұмыстарын тоқтатуға болмайтынын айтты.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Талғат Кертешев Арал теңізінің құрғаған табанында топырақ түзілу процесі әлі де жүріп жатқанын айтады. Ол да өз кезегінде сексеуілдің жерсінуіне әсер етеді.
Аралдың құрғаған табанында топырақ түзілу процесі әлі жүріп жатыр. Тұзы мол, сортаң жерлерде сексеуіл өсіп кетпейді. Сондықтан тек құмды жерлерді анықтап, дәл сол жерлерге сексеуілді отырғызу қажет. Әйтпесе жай ғана тұқым сеуіп, нәтижесіз әрекеттерге жол беріп алуымыз мүмкін, - деді Кертешев.
Дегенмен сексеуіл егу – Арал теңізінің құрғаған табанын экологиялық апаттан құтқарудың жалғыз жолы. Ол бірден нәтиже бермесе де, ұзақ мерзімде құм мен тұзды ұстап тұрып, жел эрозиясын азайтып, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі. Мамандардың пікірінше, бұл – тоқтаусыз әрі ғылыми негізделген тәсілмен жүргізілуі тиіс жүйелі жұмыс. Сондықтан сексеуіл егу экологияны қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.