Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Оның айтуынша, оңалту қызметіне бөлінетін қаржы да артып, биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 62 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. МӘМС қорына түсетін түсімдер есебінен оңалту қызметінің санын 806 мыңға дейін арттыру көзделген.
Елімізде 610 медициналық оңалту ұйымы жұмыс істейді, оның 377-сі мемлекеттік, 233–сі жекеменшік, жетеуі республикалық орталықтар. Осыларға қосымша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен сегіз жаңа оңалту орталығы ашылды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 695 мың мүмкіндігі шектеулі адам бақылауда тұр, оның 95 мыңы бала. Оларға 638 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді, - деді Алексей Цой.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесін енгізудің арқасында оңалту қызметтерін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артып, 55,7 млрд теңгені құрады.