Қазақстанның ТЖМ Щучинск қаласындағы оқиғаны тергеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құрды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомстводан мәлім еткендей, Төтенше жағдайлар министрі генерал‑лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.
Комиссияға ТЖМ басшысы төрағалық етеді. Оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді. Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етіп, ұқсас жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қажетті ұйымдастырушылық және алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды. Зардап шеккен адамдарға және қайтыс болған адамдардың отбасыларына медициналық және психологиялық қолдауды қоса алғанда, барлық қажетті көмек көрсетілетін болады, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімдігіне қайтыс болған адамдарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсету тапсырылды.
Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ‑әуе қоспасының жарылуы орын алып, кейін өрт шыққан болатын. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері хабар алғаннан кейін бес минут ішінде оқиға орнына жетті. Авариялық-құтқару жұмыстары барысында әрқайсысының көлемі 50 литрлік бес газ баллоны және екі оттегі баллоны өрттен шығарылды, бұл жарылыстардың қайталануына жол берілмеді. Өрт сөндірушілер өртеніп жатқан үй-жайдан 10 адамды құтқарды. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды, - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жедел желі жұмыс істеуде: 8 (7162) 51-42-98.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.
Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.