ТЖМ басшысы зардап шеккендердің жағдайын біліп, оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бурабай ауданында болған өртке байланысты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен ведомствоаралық комиссия жұмысын жалғастыруда.
Щучинск қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал‑лейтенант Шыңғыс Әрінов оқиға орнына барып, төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарының барысымен танысып, жедел және шұғыл қызметтердің басшыларының баяндамаларын тыңдады.
ТЖМ басшысы өрттен зардап шеккен азаматтар емделіп жатқан Бурабай ауданының ауруханасына барды. Министр пациенттер мен медициналық персоналмен әңгімелесіп, олардың жағдайы мен емделу процесімен танысты. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқаны және олардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында екені атап өтілді.
Министр жауапты тұлғаларға зардап шеккендерді сапалы емдеп, тиісті күтім және жан-жақты қолдау көрсету, сондай-ақ олардың отбасыларына қажетті психологиялық көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Аудандық әкімдікте жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің, денсаулық сақтау жүйесі мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Кездесу барысында зардап шеккендер мен олардың отбасыларына одан әрі қолдау көрсету, сондай-ақ осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында елімізде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту шаралары мәселелері қаралды.
Ведомствоаралық комиссия жұмысы жалғасуда. Жағдай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында.