Биылғы сайлауда Ақтөбе облысының тұрғындары ерекше белсенділік танытып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде 525 сайлау учаскесі жұмыс жасап жатыр. Оның 169-ы Ақтөбе қаласында орналасқан.
Ақтөбе қаласының тұрғыны, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курс студенті Меруерт Сағидуллаева #55 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс берді.
Болашақ ұстаз саяси науқанның ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтады.
Депутаттыққа түсіп жатқан азаматтардың барлығын білемін деп айта алмаймын. Дегенмен өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Болашақ депутаттар халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізіп, жаңа реформалардың қабылдануына атсалысады деп ойлаймын. Алғаш рет дауыс бергендіктен, сәл қобалжып тұрмын. Дегенмен осы елдің азаматы ретінде мемлекеттің дамуына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Қазақстанымыз көркейіп, жасай берсін, - дейді Меруерт.
Алғаш рет дауыс берген жасқа #55 сайлау учаскесінің төрағасы Жасұлан Рысқалиев естелік сыйлық табыстап, сайлаушыға алғысын білдірді.
2094 сайлаушысы бар #55 сайлау учаскесі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында орналасқан. Түске дейін мұнда алты жас келіп, алғаш рет дауыс берген.
Біздің учаскемізде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, жас та, кәрі де емін-еркін келіп, таңдауын жасап жатыр. Байқаушыларымыз барлығын тексеріп отыр. Түске дейін сайлаушыларымыздың дені келді,- дейді ол.
Ал осы сайлау учаскесінің аумағында келушілерге Exit poll бойынша сауалнама жүргізген тәуелсіз интервюьер Салима Дрманованың айтуынша, сайлауға келіп дауыс беріп жатқандардың көбі-жасы үлкен кісілер. Олар өз пікірлерін ашық айтып, қай үміткерді таңдағанын жеткізген.
Халықтың сайлауға қатысымы да, көзқарасы да жақсы. Әркім өзі таңдаған үміткерге дауыс беріп жатыр. Келушілер сайлау ашық, әділ өтіп жатқанын айтады. Нақты қанша адам сауалнамаға қатысқанын айта алмаймын, exit poll-дың қорытындысы кешке белгілі болады, - дейді интервьюер.