ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко Қазақстандағы Құрылтай депутаттарын сайлау жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқаушылар сайлау күні миссия өкілдері Қазақстан Республикасының 14 өңіріндегі 900-ден астам сайлау учаскесіне барған. Сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелерінде де бақылау жүргізген.
Оның сөзінше, миссия мүшелерінің мәліметі бойынша, сайлау учаскелері уақытында ашылып, дауыс беру ұйымдасқан түрде, тыныш әрі ізгі ниетті жағдайда өткен.
Дауыстарды санау рәсімі Конституциялық заңға сәйкес жүргізілді. Байқаушылар айтқан жекелеген ескертулер техникалық сипатта болды және учаскелік комиссиялар тарапынан жедел түрде жойылды. Сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін заңбұзушылықтар анықталған жоқ, – деді ол.
Игорь Петришенко Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясының қорытындысын да жариялады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына толық сәйкес өткізілді деген қорытындыға келді. Сайлау әділ, бәсекелі және ашық болды, Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – деді миссия басшысы.
Ол Қазақстан халқын маңызды саяси оқиғаның аяқталуымен құттықтады.
Қазақстан халқын осы маңызды саяси оқиғаның аяқталуымен тағы да шын жүректен құттықтаймыз. Сайланған депутаттарға халық өкілдігінің жоғары миссиясын есте ұстауды тілейміз. Заң шығару қызметтеріңіз жасампаздық қуатқа, қатарларыңыздағы бірлікке, Қазақстанды дамытуға және оның Достастық кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердегі рөлін арттыруға бағытталған шешімдерге толы болсын, – деді Игорь Петришенко.
Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады. Бұл туралы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.