Наурызда өтетін сайлауға тағы үш шет мемлекеттен 7 байқаушы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, ОСК 2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 6 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 72 байқаушыны ресми тіркеуден өткізді.
Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігі 3 шет мемлекеттен 7 байқаушыны тіркеуден өткізуді ұсынған болатын. Атап айтқанда, ОСК-ның шақыруы бойынша Армения Республикасынан 2, Грузиядан 2 байқаушы. Олар өз мемлекеттеріндегі ОСК мүшелері мен өкілдері. Сондай-ақ Франция Республикасынан 3 кандидатура, олардың ішінде құрметті елші мен дипломаттар тіркеуге ұсынылды, - деп айтты ОСК хатшысы.
Шет мемлекеттердің байқаушыларын тіркеу туралы комиссия қаулысы шығарылды.
13 ақпан күні өткен ОСК отырысында аккредитациядан өткен екі шетелдік байқаушының сайлауға қатыса алмайтынын хабарлаған болатынбыз.