Сайлау-2021: Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушыларды аккредиттеу аяқталды

4 Қаңтар 2021, 18:47
3504
Бөлісу:
Сайлау-2021: Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушыларды аккредиттеу аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының  2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Шара барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, 2020 жылғы 29 желтоқсан мен 2021 жылғы 4 қаңтар аралығындағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге қосымша 4 халықаралық ұйым мен 7 шет мемлекеттен 24 байқаушының кандидатурасы ұсынылғанын хабарлады. Осыған байланысты, отырыс шеңберінде Ортсайлауком халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.

Отырысты қорытындылай келе, Ортсайлауком төрағасы Берік Имашев халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе Ортсайлаукомның 7 отырысында қаралғанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни бүгін сағат 18.00-де аяқталды.

Осылайша, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына барлығы 398 байқаушы аккредиттелді, оның ішінде:

- 10 халықаралық ұйымнан – 322 байқаушы (ТМД Парламентаралық Ассамблеясы-48; ТМД Атқарушы комитеті - 179; Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – 4; ЕҚЫҰ – ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы – 42; ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы – 9; Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – 15; Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі – 7; Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы – 7; түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы-9; ЕО – ның Қазақстандағы өкілдігі-2);

- 31 шет мемлекеттен - 76 (Иордания, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия).

Айта кетейік, отырысқа саяси партиялардың, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссиялары өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы