Саяси шешімді көпшілікпен қабылдау моделі қалыптасып отыр - саясаттанушы

8 Қазан 2024, 17:09
3048
Бөлісу:
Саяси шешімді көпшілікпен қабылдау моделі қалыптасып отыр - саясаттанушы
Фото: Риззат Тасымның жеке мұрағатынан

Елімізде өткен референдум секілді саяси науқандардың маңызы қандай? "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, соңғы жылдары қоғамда көптеген мәселе бойынша поляризация деңгейі күшейген.

Ол саяси жатсыну деңгейінің жоғарылауына да әкелді. Бұл адамдардың ортақ шешім табу мен мәмлеге келу қабілетін әлсіретіп, қоғамдағы күрделі және шешімі қиын сұрақтардың алдында дәрменсіздік сезімін ұлғайтуда. Осы орайда, билікке деген сенім деңгейін қалпына келтіруге және шешім қабылдауға жалпы қатысуды кеңейтуге ықпал ететін бағыттың бірі –кеңесуші демократия институтын, оның ішінде референдум механизмдерін одан әрі дамыту, - деді Риззат Тасым.

Сарапшының сөзінше, елімізде әртүрлі салада негізгі проблемалар ашық айтылып, сарапқа салынып келеді.

Осылайша, мемлекет саяси шешімді көпшілікпен кеңес арқылы қабылдау моделін дамытып отыр. Ел тарихында алғашқы рет саяси не конституциялық өзгерістерге арналмаған төртінші жалпыұлттық референдум өтті. Оның мәні саяси плюрализм мен ашық дискуссияға, нақты дерекке негізделген рационалды шешім болуға тиіс. Референдум - бұл тек дауыс беру емес, қоғамның өміріне тікелей әсер ететін саясатты қалыптастыруға белсенді қатысу мүмкіндігі. Азаматтардың тікелей қатысу құралдарын дамыту маңызды, осылайша жауапты және ашық басқарудың негізін қалыптастыруға болады, - деді Риззат Тасым.

Саясаттанушы референдумға қатысу арқылы азаматтар өздерінің саяси күн тәртібіне әсер ету қабілеті барын түсінеді дейді.

Референдум тікелей халықтың еркін білдіру формасы ретінде қоғамдағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ол азаматтарға маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігін беріп, саяси процестерге қатыстылық сезімін арттырады. Біз бір сәтте Швейцария сияқты «референдумдар отаны» атанбасақта, жақын геосаяси кеңістігімізде алғашқы болып референдум құралын кеңінен пайдаланып отырмыз. Оның өзі жасырын саясаттан жария саясатқа көшіп, жаңа саяси мәдениеттің орнығуына жол ашты. Сол себепті кеңесуші демократия механизмдерін кеңінен пайдалану қоғамдағы сенім деңгейін арттырып, саяси жатсынуды еңсеруге әкелетініне сенім білдіремін, - деді Риззат Тасым.

Өзгелердің жаңалығы