«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Заң жобалары әзірленеді

9 Сәуір 2021, 15:57
2153
Бөлісу:
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Заң жобалары әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-дегі онлайн брифингте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тәсілдері мен критерийлерін әзірлеу үшін ғалымдармен, өлкетанушылармен, құқық қорғаушылармен, Мемлекеттік комиссия мүшелерімен дөңгелек үстелдер, онлайн-конференциялар, кеңестер өткізіледі. Барлық материал қуғын-сүргін түрлері мен қуғын-сүргін санаттары бойынша сыныпталатын болады, - деді Тоғжанов.

Оның сөзінше, комиссияның басшылары Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің қызметкерлерімен бірге өңірлік комиссиялардың қызметін бақылау үшін өңірлерге көшпелі инспекциялар жүргізеді.

Мәдениет және спорт министрлігі осы жылы Ұлттық мұрағат және Орталық мемлекеттік мұрағат базасында саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша мамандандырылған мұрағат материалдарының қорын құрды.

Бүгінде аталған қорда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 1040 мұрағаттық іс сақталуда. Қор комиссия қызметі аясында құпия құжаттар есебінен толықтырылады, - деп айтты Премьер-министрдің орынбасары.

Мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі.

Біріншісі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» және екіншісі, «Қолданыстағы бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленеді, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалтудың жаңа тетіктері пысықталып, оңалтуға құқығы бар адамдардың тізбесі кеңейтіледі.

Бұл жұмыстардың нәтижелері кезең-кезеңімен Мемлекеттік комиссия отырыстарында қаралып, көпшіліктің назарына ұсынылып отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметтің бақылауында, - деп түсіндірді ол.

Өзгелердің жаңалығы