Болгария президенті Румен Радев елдің Конституциялық сотына қызметінен кету туралы өтініш жолдады. Бұл туралы BAQ.KZ БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Болгарияның Dnevnik басылымының мәліметінше, ақпаратты мемлекет басшысының баспасөз қызметі растаған.
Конституциялық сот отставка жөнінде шешім қабылдағаннан кейін мемлекет басшысының өкілеттігі вице-президент Илияна Йотоваға өтеді.
Радев Конституциялық сот шешім шығарғанға дейін президент болып қала береді. Ал оның өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін Илияна Йотова президенттік қызметті өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін атқаруы тиіс, - делінген хабарламада.
Румен Радев отставкаға кету ниетін 19 қаңтар күні халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеген.
Бүгін мен сіздерге Болгария президенті ретінде соңғы рет үндеу жасап отырмын. Илияна Йотова елдің лайықты басшысы болатынына сенімдімін, - деді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы өз үндеуінде жаңа үкімет құру мәселесінде саяси партиялардың келісімге келе алмауына байланысты мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізудің сөзсіз болғанын айтып, сол сайлауға қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, 11 желтоқсанда Болгария үкіметі даулы бюджет жобасына байланысты жаппай наразылықтар аясында отставкаға кеткен болатын. Министрлер кабинетінің отставкасын президент Радевтің өзі де қолдап, елге «нақты өзгерістер қажет» екенін атап өткен еді.