Саясаттанушылар Құрылтай сайлауында партиялар арасындағы бәсеке күшейеді деген болжам жасады

Сарапшылардың пікірінше, жаңа бір палаталы парламентке сайлау партиялар арасындағы саяси тартысты күшейтіп, парламент құрамын айтарлықтай жаңартуы мүмкін.

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:13
Бүгiн 2026, 10:13
148
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы парламентке 145 депутат сайланады.

Алдағы сайлау науқанының қандай ерекшеліктері болуы мүмкін, партиялар арасындағы бәсеке қаншалықты жоғары болады және саясатта жаңа тұлғалар пайда бола ма? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне саясаттанушылар пікір білдірді.

Партиялар арасындағы бәсеке күшейеді

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, жаңа бір палаталы парламенттің алғашқы шақырылымын сайлау бұрынғы қос палаталы Парламенттен жұмыс регламенті мен ұйымдастыру қағидаттары жағынан едәуір ерекшеленеді.

Парламент пропорционалды қағидат бойынша жасақталады. Сондықтан партиялар бұл сайлауға бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын. Сайлауалды науқан бұрынғыдан әлдеқайда белсенді, тіпті тартысты өтуі мүмкін, – деді саясаттанушы.

Оның пікірінше, бұл тек парламенттің жаңа форматына ғана емес, партиялардың өз ішіндегі жаңару үдерістеріне де байланысты.

Қазір бұрынғы Мәжіліспен салыстырғанда шамамен бір жарым есе көп мандат сарапқа салынып жатыр. Бірнеше партияда бірден басшылық ауысты. Жаңа партияның құрылуына жауап ретінде қолданыстағы саяси күштер де жаңару бағытын көрсетіп, соған сәйкес ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға кірісті.

Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясы өз тарихында алғаш рет әйел төрағаны сайлады. Саясаттанушының пікірінше, бұл партияға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін.

Сондай-ақ ол сайлау науқаны барысында партиялар қоғам үшін ең өзекті бірнеше тақырыпқа басымдық беріп, сол мәселелер төңірегінде өз бағдарламаларын қалыптастырады және сайлаушылар арасындағы танымалдылығын күшейтуге тырысады деп есептейді.

Сонымен бірге сарапшының айтуынша, қазіргі партияларға бұрынғы «Аманатпен» салыстырғанда «Әділетпен» бәсекелесу оңайырақ болуы мүмкін. Оның сөзінше, сабақтастық сақталғанымен, жаңа атау мен жаңа брендтің сайлаушылар санасына орнығуы үшін уақыт қажет.

Жаңа саяси тұлғалардың пайда болуы туралы айта келе, саясаттанушы партиялар өз тізімдерін қоғамға танымал әрі белсенді азаматтармен күшейтуге ұмтылуы ықтимал екенін айтты.

Бұл – қалыптасқан тәжірибе. Оның үстіне партиялық тізімдер айтарлықтай ауқымды болуы мүмкін. Сондықтан партиялар ең танымал әрі беделді тұлғаларды енгізіп, сайлаушылардың назарын аударуға тырысады. Олардың бәрі депутат болмаса да, тізімде болуының өзі электораттың қызығушылығын арттырады.

Саясаттанушы сондай-ақ Құрылтай депутаттары Үкіметке бақылауды күшейтіп, атқарушы биліктің есептілігін арттыруға ұмтылуы мүмкін екенін айтты.

Меніңше, Құрылтайда жаңа әрі қызықты тұлғалар болады. Бірақ олардың саяси салмағын қалыптастыра ала ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа тәжірибесі қалыптасады. Депутаттар өз өкілеттігінің мүмкіндіктерін сынап көріп, Үкіметке бақылауды күшейтуге тырысады. Олар талапшыл болып, Үкіметтің есептілігін арттыруды талап етуі мүмкін. Бұл, сөзсіз, атқарушы биліктің жұмыс тәртібіне, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне және бюджет үдерісіне әсер етеді, – деді Талғат Қалиев.

Қай партияның орны нығаюы мүмкін?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, алдағы сайлаудың саяси салмағы бұрынғыдан жоғары болады. Себебі оның қорытындысы бойынша жаңа бір палаталы парламенттің толық құрамы жасақталады.

2023 жылға дейін, яғни 2021 және 2016 жылдардағы сайлаулар да толық пропорционалды жүйе бойынша өтті. Бірақ ол кезде Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болды, сондай-ақ Сенат жұмысын жалғастырып тұрған еді. Сондықтан ол кездегі парламент сайлауының маңызы қазіргімен салыстырғанда төмен болды. Өйткені барлық мандат сол сайлау арқылы бөлінбейтін. Ал бұл жолы парламенттің толық құрамы сайланады. Сондықтан оның саяси маңызы әлдеқайда жоғары, – деді саясаттанушы.

Жаңа саяси партиялар сайлауға дейін тіркеліп үлгере ме деген сұраққа ол былай жауап берді:

Менің ойымша, сайлауға дейін жаңа саяси партиялардың пайда болуы екіталай. Мүмкін кейбір партиялар бірігуі мүмкін, бірақ әзірге мұндай сценарийдің ықтималдығы төмендеп келеді. Сірә, негізгі саяси күштердің бәрі қазірдің өзінде саяси алаңға шықты. Қалған уақыт ішінде жаңа партияның толыққанды қалыптасып, сайлауға қатысуы қиын, – деді сарапшы.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, өз позициясын нығайтуға ең көп мүмкіндік «Әділет» партиясында бар. Оның айтуынша, партияның кадрлық және қаржылық әлеуеті жеткілікті.

Ал «Respublica» партиясы соңғы үш жылда өз орнын сақтап қала алғанын дәлелдеуі керек.

«Ақ жол» партиясына жаңа басшылықпен өз ықпалын жоғалтпағанын көрсету маңызды.

Халықтық партия үшін жаңа төрағамен бірге даму бағытын айқындау басты мәселе болмақ.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның негізгі міндеті – сайлау тосқауылынан өтіп, парламенттегі өкілдігін сақтап қалу.

Ал «Ауыл» партиясы, сарапшының бағалауынша, өзінің саяси кеңістіктегі тұрақты орнын сақтап отыр.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, партиялардың сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі тақырыптар әлеуметтік әділеттілік, экономикалық өсім, азаматтардың экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктері болады.

Менің ойымша, парламент құрамы айтарлықтай жаңарады. Кемінде жартысынан көбі өзгереді. Бірақ нақты кімдердің өтетінін әзірге болжау қиын. Дәл қазір партиялық тізімдерді қалыптастыру бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр, – деп түйіндеді сарапшы.

Бұған дейін Құрылтай сайлауын өткізу Үкімет резервінен қаржыландырылатыны хабарланған болатын. Шығындардың шамамен 75 пайызы 71 мың сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Карин Құрылтай сайлауының тағайындалуына қатысты пікір білдіріп, саяси партиялар алдағы сайлау науқаны туралы алдын ала хабардар болғанын және дайындалуға жеткілікті уақыт алғанын айтты.

Наверх