Саясаттанушы Марат Шибутов «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сараптамалық алаңда еліміздегі конституциялық өзгерістер азаматтардың саясатқа қатысуын кеңейтетінін айтты. Оның пікірінше, негізгі заңды талқылауға мыңдаған азаматтың қатысуы - саяси жүйенің ашық бола бастағанының көрінісі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы Конституцияның авторлары тек Конституциялық комиссия мен жұмыс тобының мүшелері ғана емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатты талқылау барысында мыңдаған азамат өз ұсыныстарын жолдаған.
Конституцияның авторлары тек 130 мүшесі бар Конституциялық комиссия мен 30 мыңға жуық жұмыс тобының қатысушылары ғана емес. Сондай-ақ eGov және басқа да платформалар арқылы ұсыныс жіберген шамамен 10 мың азаматты да осы үдерістің авторлары деп айтуға болады. Яғни негізгі заңды қалыптастыруға мыңдаған адам қатысқан, - деді саясаттанушы.
Оның сөзінше, бұл жағдай Қазақстанда саяси қатысуды кеңейтудің алғашқы маңызды қадамы болып отыр. Себебі негізгі заң тар шеңбердегі топпен емес, кең ауқымды қоғамдық талқылау арқылы қабылданған.
Сарапшы жаңа саяси модель азаматтардың саясатқа қатысу мүмкіндігін арттыратынын да атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекеттік лауазымдардағы бір реттік өкілеттік мерзімінің енгізілуі саяси жүйеде жаңа адамдардың пайда болуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар партиялық жүйедегі өзгерістер де саяси бәсекелестікті арттыруға ықпал етуі мүмкін. Партиялық тізімдердің кеңеюі мен депутаттардың ротациясы саясатқа жаңа тұлғалардың келуіне жол ашады.
Шибутовтың пікірінше, мұндай өзгерістердің нәтижесінде алдағы уақытта саясатта жаңа есімдер пайда болуы ықтимал.
Жаңа модель саясатқа көбірек адамның қатысуына мүмкіндік береді. Сондықтан жыл соңына қарай саясатта бұрын көпшілікке таныс емес жаңа тұлғаларды көруіміз мүмкін, — деді ол.