Саясаттанушы: Қазақстанда білім жоқ деп айтуға болмайды

25 Ақпан 2021, 16:55
3159
Бөлісу:
Саясаттанушы: Қазақстанда білім жоқ деп айтуға болмайды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина жоғары білім туралы көпшілікке қызықты сұрақтарға БҒМ-нің youtube арнасында жарияланған видеода жауап берді.

Оның сөзінше, Қазақстанда білім сапасының деңгейін жақсы деуге болады. 

Бізде Қазақстанда білім жоқ, не болмаса жоғары білім берудің сапасы төмен деп айтуға болмайды. Себебі, біз көріп отырғанымыздай, қаншама түлектеріміз өте жақсы жұмыс істеп, өзін көрсетті. Бұрынғы кездері оқыған балалар мен жуырда оқу бітірген балалардың жетістіктері аз емес, - деп айтты кафедра меңгерушісі.

Индира Рыстина бұл біздің ғылыми потенциалымыздың, жалпы жоғары білім берудің дәрежесінің қаншалықты жақсы екенін көрсететінін атап өтті. 

Бірақ "бес саусақ бірдей емес". Бұл - қай елде болмасын кездесетін фактілер. Егер біз шетелдік білім беру туралы айтатын болсақ, әрине, біз білетін жоғары деңгейлі университеттер бар. Олар Сарбонна, Оксфорд, Кембридж. Бірақ дәл сол елдерде біз білмейтін кішкентай ғана провинциялды университеттер де бар. Біз оларды білмейміз, себебі, олардың аты әлемге әйгілі болған жоқ, - дейді ол.
Саясаттанушы атап өткендей, еліміздегі жағдай да дәл сол сияқты. 

Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламалары қалай жасалатынына тоқталды.

Егер біз бакалавр деңгейінде алып қарайтын болсақ, кез келген білім беру бағдарламасы 240 кредитті қамтиды. 240 кредиттің ішінде міндетті компоненттер және профильді компоненттер болады. Міндетті дегеніміз – бұл жалпы білім беру пәндері. Ол қазіргі мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 56 кредитті қамтиды, - деп айтты маман.

56 кредит Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы, философия, әлеуметтік гуманитарлық пәндер блогы, шет тілі, қазақ тілі, орыс тілі және дене шынықтыру сияқты пәндерді қамтиды. Сонымен қатар университеттің өзінің таңдауы бойынша белгілі бір дағдыларды қалыптастыратын курстарды қамтиды.

Қалғаны – базалық және профильді пәндер. Базалық және профильді пәндердің ішінде міндетті пәндер және таңдау компоненті болуы мүмкін. Міндетті пән ретінде университет өзі белгілі бір пәндерді бекітіп қояды. 
Одан бөлек, сұхбат барысында жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарындағы білім деңгейіне баға беруінің қажеттілігі туралы айта өтті.

Мамандықтар сұранысқа ие болуы керек. Егер білім беру бағдарламасы жұмыс берушінің қолдауын таппаса, онда бұл білім беру бағдарламасы кімге керек? Мысалы, біз шартты түрде жиырма баланы алып, бір білім беру бағдарламасына отырғызамыз. Сол білім беру бағдарламасымен оқытамыз да, төрт жылдан кейін шығарамыз. Егер жұмыс беруші бұл бағдарламаға сапасыз деп баға берсе, онда біз жиырма баланы кімге дайындап жатырмыз? Біздің «клиентіміз» – жұмыс беруші. Егер университетті капиталистік формада нарықтық эканомика жағдайында қарастыратын болсақ, біз – өндірушіміз. Біздің «тауарымыз» – осы түлектеріміз. Біздің негізгі тұтынушымыз – жұмыс берушілер. Егер жұмыс беруші біздің тауарымызды қажетсіз деп санаса, ол тауарды ешкім алмайды. Яғни, біздің студенттеріміз жарамсыз болып қалады. Олар қоғамда сұранысқа ие болмайды. Ал онда біздің білім беру бағдарламамыз не үшін керек? – деп түсіндірді Индира Рыстина.

Оның сөзінше, мемлекеттің және балалардың қаражаты, қаншама адамның еңбегі бар. Оның барлығы да далаға кетті деген сөз. Сол себепті білім беру бағдарламасына студенттерді отырғызбас бұрын, алдымен сараптамадан өткізеді. 

Ішкі экспертиза және сыртқы экспертиза деген болады. Ішкі экспертиза ол, әрине, түсінікті теориялы ғылыми тұрғыдан университеттің ішінде өтеді. Сонымен қатар әрбір білім беру орны өзінің экспертизасына жұмыс берушілерді қосады. Бұл – сыртқы экспертиза. Біз бұл білім беру бағдарламамызды неғұрлым жұмыс берушіге беріп, олардың кері пікірін өзімізге алатын болсақ, біздің білім беру бағдарламамыз соншалықты ұтымды болады, - деп атап өтті саясаттанушы. 
Өзгелердің жаңалығы