Саясаттанушы: Әр адам мемлекеттік тілді білуге талпынуы тиіс

28 Қараша 2020, 14:30
1349
Бөлісу:
Саясаттанушы: Әр адам мемлекеттік тілді білуге талпынуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы «Неделька» кофеханасында орын алған жағдай әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Қызмет алған клиенттердің бірінің әлеуметтік желідегі парақшасында таратқан мәлімдемесіне қарағанда, оған даяшы қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан.

Осы оқиғаға байланысты белгілі саясаттанушы Эльдар Жұмағазиев жеке көзқарасын білдірді.

Бірден айта кетейін, мұндай жағдай үлкен қалаларда жиі кездеседі. Мәселен, мен Атырау қаласындағы қонақ үйлердің бірінде осыған ұқсас бір оқиғаға куә болғаным бар. Онда, керісінше орыс тілді клиент даяшының орыс тілін түсінбегендігінен және сөйлей де алмайтындығынан, кофеге тапсырыс бере алмай қалды. Бірақ ол жерде даяшы жігіт қазақ тілін де, ағылшын тілін де білетін. Алайда, артық дау-дамай болған жоқ, клиентке орысша түсінетін, сөйлей алатын басқа даяшы қыз қызмет көрсетті де, оқиға сонымен аяқтала салды, - деді ол.

Эльдар Тынышбайұлы бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған қоғамдық тамақтану орындарына көптеген санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қойылатындығын да еске салды. Оларды тізбектей берудің мәні жоқ, десе де бизнес өкілдері талаптардың көп екенін растайды. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар.

Рас, жекеменшік мекемелердің қызметкерлері арасында тілдерді білуді реттеу, сұранып тұрған мәселе. Меніңше, мейрамханалар мен кафелердің иелері қызметкерлерінің тіл білуін бәсекелестік ортадағы артықшылығы деп түсінсін. Осындай түсінікті қалыптастырсақ қана, бұл мәселе өзінен өзі шешіледі. Әрі алдағы уақытта осындай даулы мәселелерге жол берілмейтін болады, - деген Э.Жұмағазиев тағы бір ойын жеткізді.

Оның пайымынша, мемлекеттік мекемелер ірі қалалардағы қызмет көрсету орындарының персоналдық қызметкерлерінен емтихан алу қажет. Бұл азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі және уақыттың сын-қатерлеріне жауап болатын еді.

Жалпы, елімізде мемлекет құраушы ұлттың ауқымы жыл санап ұлғайып келеді. Қанша байбалам салсақ та, осыны мойындауға тиіспіз. Айталық, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлтымыздың саны 30 пайыздан сәл асатын болса, қазір 70 пайыздан көп. Алдағы уақытта 90 пайыздан да асатын болады. Біз барлық қазақстандықтардың өмір сүруі мен еңбек етуіне де қолайлы жағдай жасауға жауапты екенімізді ұмытпаумыз керек. Сол себепті, қоғаммен біте қайнасып толыққанды өмір сүріп жатқан әр адам мемлекеттік тілді білуге талпынуы тиіс», - деп атап өтті саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы