Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Саясат Нұрбек: Мұғалімдердің ЖИ аватарлары сабақ беретін болады

Әсел ӘБІЛБЕК
11 Тамыз 2025, 09:50
805
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Бес айдың ішінде еліміздегі студенттер жасанды интеллект бағытында белсенді жұмыс бастап, алғашқы нәтижелерін көрсетті. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  BAQ.KZ-тің YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

5 айдың ішінде біз студенттерімізді оқыттық. 390 мың студент білім алып, бірден ЖИ агенттерін жасауға кірісті. Қазірдің өзінде 119 агент дайын, тағы 195-і әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін жастар түрлі салада 500-ге жуық агент жасап шығады деп жоспарлап отырмыз, – деді министр.

ЖИ агент – бұл жасанды интеллектпен жабдықталған "ақылды көмекші", ақпаратты жинап, өңдеп, таратып, адамның жұмысын жеңілдететін виртуалды көмекші. Ол уақыт өткен сайын деректерден үйреніп, өз жұмысын жетілдіріп, нақты жағдайларға бейімделеді. Сонымен қатар, ЖИ агент шексіз көлемде деректерді жылдам өңдеп, талдай алады, бұл оған тапсырмаларды орындаумен қатар, адамдарға көмек көрсету мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, алғашқы дайын өнімдердің бірі ei-italapker атты қабылдау комиссиясына арналған агент. Ол қазір 30 жоғары оқу орнында пилоттық режимде енгізілген.

Бұл ChatGPT сияқты жұмыс істейді. Кез келген талапкер: "Менің балым мынадай, мына мамандыққа түсе аламын ба?", "Астана IT университетінде қандай бағыттар бар?", "Әскери кафедра бар ма?" деген секілді сұрақтарға автоматты түрде жауап ала алады, – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, еліміздегі 5 жоғары оқу орнында цифрлық аватарлар енгізіле бастады.

Кез келген оқытушы немесе профессордың 30 минуттық бейнежазбасы жеткілікті. ЖИ агенті толыққанды сол оқытушының немесе профессордың цифрлық аватарын жасап шығады, – деді Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, бұған дейін Саясат Нұрбек Қазақстанда фантастикалық ЖИ жобаларды жасау жоспарда бар екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы