Астанада өтіп жатқан Qazaqstan NEXT 2026 форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек генеративті жасанды интеллектінің әсері күткендегіден әлдеқайда терең болғанын айтып, бұрын "адамды алмастырмайды" делінген мамандықтардың өздері бүгінде ең осал топқа айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, генеративті интеллект революциясы дәл адамға ғана тән деп есептелген бағыттарды – абстрактылы ойлау, аналитика, креатив, дизайн секілді салаларды өзгертті.
Ең осал болып шыққандары: дәл сол екі мамандық тобы. Біз ешқашан “адамды алмастырмайды” деп сенген мамандықтар бір сәтте ең осал болып шықты. Генеративті интеллект, жасанды интеллект революциясы бастапқыдан-ақ тек адамға ғана тән деп есептеліп келген мамандықтарға соққы берді. Бұл – біздің ойлауымыз, абстрактылы ойлауымыз, аналитика, креатив, дизайн, стандарттан тыс дүниелер. Біз бұдан тура үш жыл бұрын ғана "осылай бола береді" деп сендік, – деді Саясат Нұрбек.
Осыған байланысты министр Қазақстанда білім беру жүйесіне қатысты үлкен талқылау басталғанын айтты. Оның пікірінше, қазір білімді мына әдіспен түсіндіруге болады: алғашқы қабат – hard skills, яғни кәсіби дағды. Алайда сол кәсіби "өзекті" әр жолы өзгерту барған сайын, әсіресе жас ұлғайған сайын қиындап барады.
Егер қазіргі білім беру моделін "матрешкаға" ұқсатып елестетсек, бірінші қабат – hard skills. Бірақ қазір оның өзегін, hard skills-ті өзгерту күннен-күнге қиындап барады. Әсіресе жас ұлғайған сайын. Жұмыс күшінің ішіндегі 30%-ға қайта оқып, басқа мамандыққа бейімделу қиын болады. Өйткені психологиялық тұрғыдан сол "өзекті" ауыстыру өте қиын, – деді ол.
Министрдің айтуынша, дәстүрлі "reskilling" пен "upskilling" тәсілдері жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан қазір жаңа ұғым – Deep Skilling алға шығып келеді. Мұнда адам тек кәсіби дағдыны жаңартпай, мүлде жаңа бағытқа өтуге мәжбүр болады. Осы орайда Саясат Нұрбек Қазақстанға "үшінші қабат" – өмірлік дағдылар қажет екенін атап өтті.
Қазір Deep Skilling деген жаңа термин пайда болды. Reskilling бар, Upskilling бар. Бірақ егер адам толық басқа бағытқа ауысса, онда өзекті суырып алып, орнына жаңасын салу керек болады. Сондықтан үшінші өзек, үшінші қабат дағдылар қажет. Біз оларды life skills немесе existential skills деп атап жүрміз, – деді министр.
Ол "life skills" мәнін түсіндіру үшін Altered Carbon (“Түрі өзгерген көміртек”) шығармасын мысалға келтірді. Министрдің айтуынша, күрт өзгеретін әлемге дайын болу үшін адамға төрт негізгі қабілет керек: observe (бақылау), analyze (талдау), absorb (сіңіру) және adapt (бейімделу). Әсіресе "бейімделгіштік" қазіргі заманның ең маңызды дағдысына айналып отыр.
Еске салайық, елордада жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтті.
Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болды.