Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті

20 Шілде 2023, 17:51
897
Бөлісу:
Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында жоғары білім және ғылым саласындағы екі жақты қатынастарға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Министр елшіге Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту және нығайту мақсатында министрліктің жүзеге асырып жатқан реформалары жайлы айтты. Оның ішінде, Орталық Азияда білім беру хабын құру жоспарымен бөлісті.

Сондай-ақ мейманға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бекіткен Министрліктің негізгі басымдықтарын таныстырды.

Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрлігінің алдына елдегі ғылымды, оның ішінде университеттік ғылымды дамыту бойынша міндеттер қойды. Осы мақсатта ҚР Үкіметі ынтымақтастық географиясын кеңейту үшін жағдай жасауда. Қазіргі уақытта М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де Аризона Университетінің филиалы ашылды, онда 500 студент қосдипломды бағдарлама бойынша оқып жатыр. Сонымен қатар біз басқа да америкалық жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ Министр «500 ғалым» бағдарламасына жеке тоқталып, отандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми тағылымдамадан өтуі үшін америкалық университеттер мен зерттеу орталықтарын тартуға ықпал етуді сұрады.

Өз кезегінде Посол Дэниел Розенблюм Саясат Нұрбекке АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы қызметі туралы айтып берді.

Кездесу соңында тараптар АҚШ-та «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды талқылап, екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы