Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және лагерьлердің қызмет сапасын жүйелеу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы Қазақстанда 17 жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталығы мен 192 маусымдық лагерьде 244 мыңға жуық бала демалған. Оның ішінде тек 2 тұрақты орталық жекеменшік иелікте болған (1,2 мың бала). Ресми статистика бойынша, елімізде 7 миллион бала бар, мектеп жасындағы балалар саны 4 миллионнан асып отыр.
Депутат атап өткендей, жекеменшік лагерьлердің жұмысы жүйелі түрде заңдастырылмаған, бизнес субъектілерінің құқығы қорғалмайды, мемлекет тарапынан қолдау аз. Соның салдарынан кейбір лагерьлерде төмен сапалы қызмет көрсетіледі:
- 2023 жылы Алматыдағы сауна орнында балалар лагері ашылып, шу тудырған;
- Шымкенттегі «Үш бұлақ» лагерінде 220 бала орнына 310 бала қабылданған;
- 2024 жылы 157 лагерь объектісінде 1 237 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталған, 64 объект (40%) талапқа сай болмаған.
Мәжіліс депутаты балалар лагерлерін лицензиялауды 2026 жылы жазға дейін толық енгізуді, мемлекеттік үйлестіру механизмін қалпына келтіруді, жеке ОКЭД кодын енгізуді және жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуда ең төмен баға принципінен бас тарту және электронды автоматтандырылған қаржыландыру жүйесін енгізу қажеттігі атап өтілді.
Балалар лагері – тек маусымдық қызмет емес, баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және құқықтарын қорғау мәселесі, - деді депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстанға жалған өнімдер әкелініп, базарларда ашық сатылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Colgate тіс пастасының қолдан жасалған түрлері анықталған. Сырт келбеті түпнұсқаға ұқсаса да, қаптамасы мен таңбалауында сәйкессіздік болған.