Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы қаласындағы жекеменшік балалар сауықтыру орталықтарының біріндегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Алматыда «Арман дала» лагерінің төңірегінен дау шыққанын жазған болатынбыз. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы балалар лагерьге тегін жолдама алған, бірақ лагерь сауна ғимаратында орналастырылған болып шыққан.
Осы жағдайға қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми мәлімдеме жасады.
Құрметті ата-аналар! Министрлік пен білім басқармасының өкілдері жағдай болған жерде жұмыс істеп жатыр. Шұғыл түрде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қызметтерін көрсетуге мониторинг жүргізу мақсатында жедел мобильдік топ құрылды. Мүдделі мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне сәйкес балалардың орталықта қауіпсіз болуы, сондай-ақ конкурстық рәсімдерді өткізуге, шарттық міндеттемелерді қабылдауға және орындауға қатысты мәселелер бойынша хаттар жіберілді, - деп хабарлады комитет.
Бұл мәселе толық шешілгенге дейін комитет төрағасы Насымжан Оспанованың жеке бақылауында болады.
Оқу-ағарту министрлігі балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын ұйымдастыру бойынша шаралар кешенін қабылдаған болатын. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, Республикалық балалар-жасөспірімдер туризмі және демалыс қауымдастығының төрағасының (2023 жылғы 21 сәуір Алматы қаласында) қатысуымен ұйымдастырушылық мәселелер қаралған бірқатар кеңес өткізді.
«Қазақстан - бақытты балалық мекені» 2023 жылғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын ұйымдастыру үшін тұжырымдама жасалып өңірлерге іске асыруға жолданды. Тұжырымдамада жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар, жазғы каникулдарды күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау аптаның бағыты, аптаның тақырыбы берілген. Жазғы демалысты дұрыс ұйымдастыру үшін ауысымды дамыту логикасын, оның даму кезеңдерінің әрқайсысында өз мақсаты мен міндетінің болуын болжайтын педагогикалық тұжырымдамаға бағытталған «Жаздық жолдама» жобасын іске асыратын орталықтардың (лагерьлердің) бірыңғай 10 күндік бағдарламасы жасалды, - деп жазды комитет.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы шеңберінде «Білім туралы» ҚРЗ 57-1-бабына, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚРЗ өзгерістер енгізіледі. Осы нормаларды қабылдау демалыс пен сауықтыруды ұйымдастырудың электрондық тізілімін құруды және демалыс пен сауықтыруды ұйымдастыру қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басты мақсатқа, сонымен қатар барлық шараға қарамастан орталық басшылығы немқұрайлылық жіберген. Білім басқармасының ақпараты бойынша бүгінгі күні қызмет көрсетушімен шартты бұзу мәселесі қаралып жатыр. Жақын арада балалар демалысты жалғастыру үшін басқа орталықтарға жіберіледі, - делінген комитеттің ақпаратында.