Жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары кездесіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз, себебі “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” заңның нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 157 280 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлауыңыз қажет. Сіз eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасы мен қолма-қол өтініш-шағым бере аласыз.
Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға фискалдық түбіртек беруге міндетті. Фискалдық түбіртекті беруден бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік бар.