Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) басқарма төрағасы Николай Подгузовтың кездесуі өтті.
Тараптар ынтымақтастық, Қазақстандағы ЕАДБ-ның ағымдағы инвестициялық қызметі және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағында бүкіл өңір үшін Сауда-өнеркәсіптік хаб құру арқылы өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету жөніндегі жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Кездесу барысында ЕАДБ-ның ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасына және «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы шеңберіндегі жобаларға қатысу мәселесі қаралды, - делінген хабарламада.
Кездесуге қатысушылар министрлік пен ЕАДБ арасында сындарлы диалог орнатылғанын, оны одан әрі дамыту қажеттігілі атап өтілді.
Тараптар кездесулерді тұрақты негізде өткізуге келісті. Сонымен қоса бірлесіп іске асыру үшін жобалар шеңберін айқындау қажет.
Сауда және интеграция министрі мен ЕАДБ басшысы ЕАДБ мен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі арасындағы жемісті ынтымақтастық еуразиялық интеграцияға ықпал ететініне сенім білдірді.