Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сауда үйлері, пәтерлер мен автокөліктер алған: Семейде "алтын бөлмеден" кен ұрлағандар сотталды

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы-инвестициялық «Алел» корпорациясының өндірістік нысандарына заңсыз кіріп, алтынқұрамды кенді ұрлады деп танылған қаладағы үш тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот анықтағандай, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері 2019 жылдан бастап кәсіпорынның өндірістік ғимаратында орналасқан, "алтын бөлме" деп аталатын нысаннан алтынқұрамды кенді жүйелі түрде ұрлап келген. Тергеу барысында ұрлықтың 49 дерегі анықталған.

Тергеу кезінде сотталушылар мен олардың туыстарының жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алғаны белгілі болды. Атап айтқанда, қонақүй кешендері, коммерциялық ғимараттар, сауда үйлері, дәріханалар, пәтерлер мен автокөліктер анықталған. Бұл әрекеттер қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру тәсілі ретінде бағаланған, - деп хабарлады Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот үш айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Олардың бірі 10 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесілсе, екіншісі 6 жыл 8 айға, үшіншісі 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін де осыған ұқсас жағдай орын алған еді. Шығыс Қазақстан облысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіріп, 70 мың тонна өнім өткізген кәсіпкерлік схема әшкереленді. Қылмыстық табыс 1 млрд теңгеден асып, мүлікке сот арқылы тыйым салынды.

Өзгелердің жаңалығы