Мұнайдың әлемдік бағасы құлдырап жатыр, Brent маркалы мұнайдың құны 2021 жылдың сәуірінен бері алғаш рет 64 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Лондондағы ICE биржасында маусым айының Brent маркалы мұнай фьючерстері 2,60 пайызға төмендеп, 63,87 долларды құрады.
WTI маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері 2,50 пайызға түсіп, баррелі 60,44 долларды құрады.
Естеріңізге сала кетейік, қара алтынның құлдырауы 3 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 185 елден импортталатын тауарларға жоғары тарифтер енгізгеннен кейін басталған.
Қазақстан да АҚШ-қа тауарлар импортына жаңа баж салығы енгізілген елдер қатарына кірді. Қазақстанға арналған тариф 27 пайызды құрады.
Сондай-ақ, ОПЕК+ елдерінің сегізі мамыр айынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 411 мың баррельге арттыратыны туралы хабарлады.