Жетісу облысында полицейлер зейнеткер әйелді алаяқтардың құрбаны болудан сақтап қалды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ірі сауда орталықтарының бірінде күдікті жағдайды дер кезінде байқап, қылмыстың алдын алды, деп жазады BAQ.KZ.
Патрульдік полиция қызметкерлері қатты абыржып тұрған және ұялы телефон арқылы біреудің нұсқауларын орындап жатқан егде жастағы әйелге назар аударған. Кейін белгілі болғандай, алаяқтар оның атына 5 миллион теңгеге дейін қаржы рәсімдеуге әрекет жасаған.
Алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың өкілі ретінде таныстырып, әйелді SMS арқылы келген кодты айтуға көндірген. Сол кодтың көмегімен олар азаматшаның жеке деректеріне қол жеткізіп, банкке несие рәсімдеуге өтінім берген. Банк 2 миллион теңге көлеміндегі несиені мақұлдаған.
Зейнеткер қаражатты жіберуге дайындалып тұрған сәтте полицейлер араласып, телефонды өз қолына алған. Тұтқаның ар жағындағы адам өзін әйелдің «қызы» ретінде таныстырғанымен, «анасының» тіпті тегін де атай алмаған. Осылайша, алаяқтың өтірігі бірден әшкереленді.
Құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында материалдық шығынға жол берілген жоқ. Полицейлер зейнеткермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды тағы бір мәрте сақ болуға шақырды.