Сауд Арабиясындағы ірі компания ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда

1 Қазан 2019, 21:36
1196
Бөлісу:
Сауд Арабиясындағы ірі компания ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 29 қыркүйек күні Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын «Zamil Group» холдингінің төрағасы  Абдулрахмен Абдулла Әл Замильмен кездесіп, Қазақстан мен холдинг арасында ынтымақтастықты жаңғырту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

«Еліміздегі қазіргі қолайлы инвестициялық ахуалмен, бұл саланы реттейтін заңнамамен таныстырдым, бірқатар инвестициялық жобаларды компания басшысының қарауына ұсындым», - деді Берік Арын.

«Zamil Group» холдингінің тарихы шейх Абдулла Аль-Хамад Аль Замиль өткен ғасырдың 30-жылдары Бахрейнде құрған азық-түлік пен тоқыма өнімдерін сататын қарапайым сауда кәсіпорыннан бастау алады. Кейіннен ол Сауд Арабиясындағы жылжымайтын мүлікке инвестиция салу арқылы бизнесін сәтті кеңейткен.

Бүгінде «Zamil Group» Сауд Арабиясы корольдігіндегі көшбасшы компаниялардың бірі. Өнеркәсіп, коммерция және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін өзінің 60-тан астам салалық кәсіпорындары арқылы холдинг өнеркәсіп, мұнай-химия және сервис салаларындағы әлемдік операторлардың қажеттіліктерін қанағаттандырады.

Холдинг кәсіпорындары кондиционерлер, пластмасса бұйымдарын, бояулар, темір конструкциялар шығарады, азық-түлікті өңдеумен, болат өндірісімен, теңіз кемелері құрылысымен, жол қызметтерін көрсетумен айналысады. «Zamil Group» сонымен қатар банк саласында қызмет етеді және өнеркәсіптік жобаларға инвестициялар салады.

Топтың 60-тан астам елдегі кәсіпорындарында 21000 білікті жұмысшы жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы