2005 жылы жол апатына түсіп, содан бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан Сауд Арабиясының ханзадасы Аль-Валид бин Халед бин Талал Аль Саду 19 шілдеде қайтыс болды. Ол 20 жыл бойы комада жатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Арабиялық ақпарат құралдарының дерегіне сәйкес, ханзада 35 жасында дүние салған. Комаға түскен кезде ол 15 жаста болған.
Жол апатынан соң жас жігітті король Абдулазиздің Эр-Риядтағы медицина қаласына ауруханаға жатқызған. Онда оны өкпені жасанды желдету аппаратына жатқызып, ұдайы медициналық бақылау жасалған. Оның әкесі, беделді ханзада Халед бин Талал АҚШ, Испания сынды әлемнің түрлі елінен үздік мамандарды тартқанымен, дәрігерлердің қолынан ештеңе келген жоқ, – деп жазылған хабарламада.
Жігіттің әкесі баланы жасанды желдету аппаратынан алып тастауға мүлдем қарсы болған. Себебі ол баласының оянатынына сенген.