АХҚО-ның сәтті жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған – президент

2 Шілде 2019, 12:59
1402
Бөлісу:
АХҚО-ның сәтті жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған – президент
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Astana Finance Days қаржы конференциясы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Сот ғимараты мен Халықаралық сот төрелігі орталығының ашылу салтанатына қатысты. Одан кейін конференция аясында ұйымдастырылған ресми жиынға төрағалық етті.

"АХҚО - Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше статусы бар территория ғана емес. Ол - қаржы орталығы, бұған қоса, құзыреттілік, кәсіби даму, адам капиталы, жасыл экономика, ислам қаржыландыру және қаржылық технологиялар орталығы. Біз бұның бәріне өз еңбегіміздің арқасында ғана емес, халықаралық қауымдастықтың, шетелдік серіктестердің қолдауының арқасында қол жеткіздік. "Астана" халықаралық қаржы орталығы ресми түрде іске қосылғаннан кейін бір жылда 37 позицияға жоғары көтерілді. Осылайша, Қаржы орталықтарының беделді ғаламдық индексінде 51-ші орынға жетті. Жалпы алғанда, АХҚО-ның сәтті жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған деп айтуға болады", - деді ресми жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан президенті "әділ сот төрелігін қамтамасыз етуіміз керек" деп, қазақтың үш биін үлгі еткен болатын.

Astana Finance Days 1 шілде күні басталған, шара 4 шілдеге дейін жалғасады.

Еске салсақ, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойған болатын. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржы қызметтерінің жетекші орталығын қалыптастыру. 

Қаржы орталығының міндеті – қаржы қызметтері саласын инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестицияларды тартуға көмектесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы