Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәтбаев қаласында бұзақылық жасағаны үшін 15 адам ұсталды, деп хабарланды Polisia.kz сайтында.
24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында бір топ азамат бұзақылық жасады. Тас-таяқпен қаруланған жастар тобы бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды өз беттерімен жазалауға ұмтылып, полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген. Полиция қызметкерлері бұл бұзақылықтың жолын кесті.
Алайда, басбұзарлар жолындағыны қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді. Олар қақпаны, ауладағы адамдар отырғыштарды, қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішті, полиция ғимаратының аумағындағы шамдарды, терезелердің әйнектерін сындырған. Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камералары мен қызметтік автокөлік бүлінген. Келтірілген залалдарды бағалау жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы (“Бұзақылық” “Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру”, “Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген хабарламада.
Полицейлердің хабарлауынша, қазіргі уақытта бұзақылық әрекеттерді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар анықталып, ұсталды.
УҰИ-ға 15 адам қамалды. Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуде. Ұсталғандарға қатысты азаптау және құқыққа қарсы әрекеттер жасау туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан хабарламалар негізсіз. Хабарламалардың авторлары мен жалған ақпаратты таратушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі. Ішкі істер органдары Сәтбаев қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдағанын атап өту қажет. Полиция қызметкерлері атыс қаруын қолданбай, ұстамдылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесті, - делінген ведомство мәліметінде.
Тергеу жалғасуда. Кінәлі адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаға тартылады.
Еске салсақ, 23 шілде күні түнде Қарағанды облысындағы Сәтпаев қаласының тұрғындары бала ұрлаған күдіктіге қатысты сотсыз жазалау ұйымдастыра жаздады. Оқиға орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шығып, халықты арандатушылардың сөзіне ермеуге шақырды.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізіп, Президент бұл істі өз бақылауына алды.