Сәтбаев қаласының №16 жалпы білім беретін мектебінде "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа сынып жас сақшыларды оқыту үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған: құқық қорғау органдарының жұмысы туралы оқу материалдары, есімі елге танылған қаһарман полицейлердің өмірі туралы ақпараттар, нысанды киім үлгілері және жол қозғалысы ережелерін зерттеуге ерекше назар аударылған.
Салтанатты шарада полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев сөз сөйлеп, жас сақшыларға осы маңызды күнмен құттықтап, оларға табыс тіледі.
"Жас сақшы" жобасы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, азаматтық және жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған. Біздің жас тәртіп сақшылары өз елінің лайықты азаматтары болатынына сенімдіміз, - деді Қайыркен Әлиев.
"Жас сақшы" сыныптары – патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке баулу, мектеп ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және мамандық таңдауға көмектесу мақсатында құрылған ҚР Ішкі істер министрлігінің басым жобасы.
Облыстағы "Жас сақшы" бірінші сыныбы өткен жылы Жезқазған қаласының №3 мектебінде ашылды. Айта кету керек, бұл сынып оқушылары Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды.