Бір апта ішінде еліміздегі теміржол бойында екінші апат орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Сарысу разъезі маңында тепловоз бен локомотив соқтығысып қалды.
15 қазан сағат 10-нан 10 минут өткенде Сарысу разъезі маңындағы жеке жолдарда жеке меншікке тиесілі тепловоз бен локомотив соқтығысқан. Нәтижесінде бес бос вагон мен тепловоз аударылды. Жеке локомотив бригадалары орташа жарақат алды, - деп атап өтті компаниядан.
Белгілі болғандай, оқиға басқа пойыздар қозғалысына және магистральдық желі жұмысына әсер еткен жоқ.
Айта кетерлігі, апат Жезқазғаннан 65 шақырым жерде "Қазақмыс" ЖШС аумағындағы теміржолда болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысындағы Сұрған станциясында жүк пойызы рельстен шығып кеткен еді.