Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жақында ССКӨБ Сарыбай кенішінің шығыс бортын қайта құру жобасы қолға алды. Бұл шығындарды оңтайландыруға және кен қорын арттыруға мүмкіндік береді дегенді айтады кәсіпорын басшылығы.
Төтенше жағдайға байланысты, елдегі бірқатар кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Алайда, "ССКӨБ" АҚ өндірісін жандандыру үшін жаңа жобаларды бастап кетті. Соның бірі – қойнауына екі Эйфель мұнарасы сыйып кететін Сарыбай кенішіндегі үлкен қойма.
Кеніш ішіндегі қайта тиеу қоймасын Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" АҚ жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорын жұмысының үдерісін одан әрі жақсартуға септесетін жоба болмақ.
Шығыс бортын қайта құру кеннің тиеу қоймасын кеңейтуге мүмкіндік береді әрі бос жыныстар жер бетіне шығарылмай, ішкі үйіндіге төгіледі. Яғни, өңірдегі экологияның оңалуына әсер етіп, кәсіпорынның сақтау, шығару және тасымалдау шығындарын кемітеді.
Бұл жобаның артықшылығы өте көп, - дейді тау-кен өндіру кешені техникалық бөлімінің бастығы Александр Король. – Жобаланғанымыздай қазір үйіндінің биіктігі 30 метрге төмендеді. Бұл бізге не береді? Кенішті соңына дейін қазу, былайша айтқанда, жобаны толық жүзеге асыру арқылы автомобиль жолдарының биіктігін 120-130 метрге дейін түсіреміз. Жартасты аршуды тасымалдау қашықтығы шамамен бір километрге азаяды. Жоспарымыз – жартасты аршуды тасымалдауға жұмсалатын шығынды азайту. Осылайша кеніш игеріліп біткенге дейін 1,2 млрд теңге үнемдемекпіз.
320 метр тереңдікте орналасқан қойманы құру кезеңі солтүстік бөліктегі қабылдау аймағын оңтүстік беткейге ауыстырудан басталды. Қазір қойманың сыйымдылығы – 30 мың текше метр. Бұл жерде 100-ге жуық пойыз составтарына кен жүктеледі.
Кәсіпорын әкімшілігінің мәлімдеуінше, Сарыбай кенішінің шығыс бортын қайта құру кен қорын 44 миллион тоннаға ұлғайтып, кен орнының қызмет ету мерзімін арттыра түспек.