Сарыбаев: Зардап шеккен өңірлерде ҰБТ-ға сапалы дайындала алмайды

18 Сәуір 2024, 15:44
308
Бөлісу:
Сарыбаев: Зардап шеккен өңірлерде ҰБТ-ға сапалы дайындала алмайды
Фото: - архив

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі орта мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тестіге дайындық мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатордың айтуынша, тасқын су салдарынан еліміздегі көптеген мектептер оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен. Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша конкурсқа қатысуға арналған ҰБТ-ға дайындықты төтенше жағдай өзгертіп жіберді. Соның салдарынан оқушылардың алдағы тестіге сапалы дайындалуға мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ.

Балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдың бірде-біреуі жүзеге асырмайды. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де бұл міндет көзделмеген. Талапкерлер бір мекемеге оқушы емес, екіншісі үшін әлі студент емес. Осыған байланысты зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектерінің тағдырына алаңдап отырмыз. Табиғи апатқа байланысты бұл балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алу қаупі бар. Сондықтан олар мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалуы сөзсіз, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатор осыған байланысты талапкерлерді даярлау мәселесін шешу шаралары туралы айтты. Әсіресе, түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдем көрсету туралы министрліктерге ұсыныс айтылды. Тестілеудің екінші сессиясының басында ҰБТ өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру қажеттігі атап өтілді. Оқу-ағарту, сондай-ақ ғылым және жоғары білім министрліктеріне түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдесу маңызды болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы