Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында «СарыарқаАвтоПром» автомобиль құрастыру кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың даму перспективалары мен жаңа өндіріс қуатын қалыптастыру стратегиясы жөнінде баяндалды. Содан кейін Қазақстан Президенті шанақтарды бояйтын әмбебап цехтың және ірі бөлшектер арқылы құрастыру әдісі бойынша (DKD) автомобильдерді сериясымен шығару цехының жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде әлемдік сапа стандартына сәйкес заманауи жоғары технологиялық экономика құрып жатқанын атап өтті.
Жалпы зауыттың өндірістік қуаты – жылына 28 мыңнан астам автомобиль. Кәсіпорын қазіргі уақытта Ankai, MAN, JAC, HYUNDAI және Lovol автомобиль маркаларын шығарады.
Осы салада жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар Қазақстан Президентіне өздерінің жобасын таныстырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «iKomek» қоғамдық қабылдау жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше «iKomek» орталығының тәжірибесін республиканың барлық өңірлеріне кеңінен тарату қажет.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму саласына қосқан үлесі үшін «Милх» ЖШС-нің директоры Сергей Блокты, Рудный қаласы ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкеновты, «Алюминстрой» ЖШС-нің директоры Абай Мұқановты, «ГРИН» Қостанай облысы азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваны және білім беру саласының ардагері Станислав Щегельскаяны алғыс хаттармен марапаттады.
Қостанайға жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт фермасына да барды.Мемлекет басшысы өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік көрсеткіштерімен танысты. Кәсіпорын Қостанай облысының ішкі қажеттігін және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлық жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуын жоғары бағалады.
«Басқа облыстардағыдай мұнда да белгілі бір мәселелер бар. Бірақ, Үкіметтің көмегімен бұл проблемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал, жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің Президент ретінде түбегейлі ұстанымым», – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.