Сарыағаштық мектеп директоры "Болашақ" стипендиясын жеңіп алды

17 Ақпан 2025, 18:17
4294
Бөлісу:
Сарыағаштық мектеп директоры "Болашақ" стипендиясын жеңіп алды
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының мектеп директоры халықаралық "Болашақ" стипендиясын жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әсел Арапова Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №61 жалпы білім беретін мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Үздіксіз ізденіс жолы мен өмір бойы оқуды мақсат тұтқан ол шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының шешімімен "Болашақ" халықаралық стипендиясын жеңіп алды. 22 жыл бойы педагогика саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз 5 жыл ағылшын тілін өздігінше үйренгенін айтады.

Мен мектепте неміс тілін оқыдым. 2020 жылы ел пандемиямен күресіп жатқанда ағылшынды үйрендім. 5 жылымды осы тілге арнадым. Нәтижесінде TOEFL тестінен 95 балл жинап, халықаралық "Болашақ" бағдарламасының стипендиясын жеңіп алдым, - дейді ол.

Әсел Арапова ұстаздар отбасында дүниеге келген. "Болашақ" стипендиясына деген қызығушылығы ерте пайда болғанын айтады. Тіпті оның туған сіңілісі де осы бағдарламаның түлегі. Дегенмен, халықаралық бағдарламаға оқуға тапсыру оңайға соқпаған, өйткені ол үш мәрте тапсырып, тек соңында нәтижеге қол жеткізген.

Бағдарламаға іліну, әрине, оңай емес. Оның өзіндік талаптары бар. Ең алдымен, мақсатың айқын болуы тиіс. Мен өзім үш мәрте тапсырып, үшінші рет нәтижеге жеттім. Сондықтан өзім сияқты көшбасшыларға айтарым – табандылық қажет. Егер нәтиже қажет болса, үздіксіз дамып отыру маңызды, - дейді мектеп директоры.

Енді алдағы уақытта, сарыағаштық мектеп директоры 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлемнің үздік жоғары оқу орны АҚШ-тың California State University Chico университетінде білім алып, 1 жыл ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Лия Сауытова

Өзгелердің жаңалығы