Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Сарыөзек гарнизонында жылда өткізілетін қарттар күніне арналған іс-шара кең көлемде аталып өтті. Бұл туралы десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, үлкендерімізді сыйлау, оларға ізет көрсету, қолдан күш қуат кеткенде жәрдем беріп, қайырымдылық танытуды азаматтық борыштары санайтын әскери бөлімнің ұжымы жыл сайынғы дәстүр бойынша қарттар мен мүгедек балалары бар отбасыларға бір күндерін арнады.
Сарыөзек кентінде орналасқан 12740 және 29108 әскери бөлімдерінің ұжымы және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі кеңестің мүшелері ауданда тұратын қарттарға және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға азық-түліктерін апарып, жарымжан балалардың көңілдерін түрлі сыйлықтармен аулап қайтты.
Әскери қызметшілер қарттарға материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен, тұрмыстық жағдайларымен танысып, санаға салмақты ой қалдыратын ұлағатты әңгімелерін де тыңдап қайтты. Сол қарттардың ішінде Сарыөзек кентінде жарымен 40 жыл отандасқан, Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Ерден Халил ата да бар. Жасы 85-ті алқымдаған атамыздың айтуынша, әскери бөлімнің ұжымы жылдың бір күнінде ғана емес, кез келген уақытта қажеттеріне жарап тұратындықтарын айтып, біз сияқты бойдан күш қуаты кеткен қарияларға көмектесуге қолдау көрсетіп отыратын әскери бөлімнің басшылығына алғысымды білдіремін деп ағынан жарылды. Осы тектес ондаған қариялы отбасының үйіне көптеген көмек көрсетілді. Бір күндерін қайырымдылық іс-шарасына арнаған әскери бөлім ұжымы аулаларын тазалап, қыс қамына кіріскен отбасыларға отын суларын кіргізіп берді.
Сонымен қатар, 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты анамыз, тыл ардагері Қасымова Айман апамыз: «Мемлекет тарапынан алатын көмегім жоқ емес, бар. Өз балаларым да қолдан келгенше жағдайымды жасайды. Бірақ, бүгін отан қорғаушы балаларыма алғысым шексіз. Алып келген азық-түліктері мен сыйлықтары бір төбе, аулама дейін тазартып берді.Әрқайсысының отбасына тек бақыт тілеймін, менің жолымды берсін, тәрбиелеп отырған ұл-қыздарының тек қызығын көруге жазсын»,- деп ақ батасын берді.
Қайырымдылық іс-шарасы, ендігі, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмек көрсетумен жалғасын тапты. «Балаларының бір кем дүниесіне қарамастан, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, болащағығынан үлкен үміт күтіп отырған аналарымыздың алдында мың тағзым. Бүгін гарнизонымызда осындай балалары бар он шақты отбасыға қолдан келгенше көмегімізді бердік. Түрлі сыйлықтармен балалардың көңілін аулап қайттық»,- деген Сарыөзек гарнизонының бастығы, подполковник Ембергенов Ержан мырза, соғыс кезінде ғана емес, бейбіт заманда халқымыздың мұң-мұқтажын бөлісе білу, керегіне жарау – Отан алдында берген антымыздың түбірі деп білемін деп ойын қорытындылады.