Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сары майды неге шетелден әкелеміз: АШМ жауап берді

Бүгiн, 16:39
216
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазақстанда сары май өндірісінің көлемі ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді.

Айтуынша, бұл сала ірі өңдеуші кәсіпорындардан бастап орта және шағын бизнеске дейінгі әртүрлі деңгейдегі өндірушілердің есебінен дамып келеді. Соның арқасында өнім қалаларға да, ауылдық елді мекендерге де тұрақты түрде жеткізіліп отыр.

Қазіргі таңда сары май өндірісінің көлемі ішкі нарықтың барлық қажеттілігін толық өтеп отыр. Бізде ірі кәсіпорындармен қатар орта және шағын бизнес те белсенді дамуда. Олар елдің түкпір-түкпіріндегі қалалар мен елді мекендерді өніммен қамтамасыз етіп келеді, – деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, импорттың белгілі бір көлемде болуы ішкі нарықтың тұрақтылығына әсер етпейді және бұл қазіргі сауда әрі логистикалық үдерістермен, соның ішінде шекара маңындағы аймақтардағы ерекшеліктермен байланысты.

Импорттың белгілі бір көлемі бар, оның ішінде шекаралық сауда арқылы келетін өнім де кездеседі. Кей жағдайда логистика тұрғысынан көрші елдердің шекараға жақын аумақтарынан өнімді жеткізу Қазақстанның басқа өңірлерінен тасымалдағаннан арзаныраққа түсуі мүмкін, – деп түсіндірді ол.

Жаңа Зеландиядан жеткізілетін өнімдерге қатысты пікір білдірген Азат Сұлтанов қазіргі уақытта ондай импорттың жоқ екенін және бұрын да оның көлемі шектеулі, жүйесіз сипатта болғанын атап өтті.

Жаңа Зеландиядан импорт баяғыда тоқтаған. Бұрын тек шағын, сынақ ретінде жасалған жеткізілімдер болған, олар ішкі нарыққа айтарлықтай әсер еткен жоқ. Жалпы аграрлық өнім импорты туралы айтатын болсақ, жекелеген тауар түрлері нақты сұранысқа байланысты әкелінеді және бұл сыртқы жеткізілімге тәуелділікті білдірмейді. Импорт белгілі бір өнімге сұраныс болған жағдайда ғана жүзеге асады. Мысалы, бидай ұны әкелінуі мүмкін, бірақ ол тағамдық мақсаттағы ұн емес, белгілі бір аспаздық немесе медициналық қажеттіліктерге арналған арнайы өнім болуы ықтимал, – деді вице-министр.

Сондай-ақ Азат Сұлтанов ет импортына жеке тоқталып, елге негізінен қайта өңдеуге арналған шикізат әкелінетінін, ал сапасы жоғары отандық өнімнің экспортқа бағытталатынын айтты.

Импортталатын еттің негізгі бөлігі – қайта өңдеуге арналған сүйектен ажыратылған ет. Бұл дәмдік және экологиялық сапасы жоғары, премиум санаттағы отандық етті консерві және өзге де өнімдер өндірісіне жұмсамауға мүмкіндік береді. Импорт пен экспорттың осындай теңгерімді саясаты аграрлық сектордың экономикалық тұрақтылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табыстылығын қолдауға жол ашады, – деп түсіндірді ол.

Өзгелердің жаңалығы