Сарқанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері талқыланды

21 Сәуір 2022, 20:10
1308
Бөлісу:
Сарқанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарқан ауданының көкөніс пен алма өсіруде, тау туризмі мен Балқаш жағалауын дамытуда, балық шаруашылығын өркендетуде мүмкіндігі мол. Дегенмен мұнда шағын және орта бизнес әлі де кең өріс ала алмай отыр. 

Әзірге ауданның облыс көлемінде осы саладағы үлесі небары 2,2%. Бұл туралы бүгін Сарқан ауданының халқымен кездесу өткізген облыс әкімі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс әкімі өз сөзінде өткен жылы Сарқан ауданында инвестиция тарту 20,6% артып, бұл көрсеткіш 13,6 млрд. теңгеге жеткенін атап өтті. Мұнда 21 кәсіпорын жұмыс істейді. Сол қатарда электр энергиясын өндіретін «Baskan power» ГЭС-1» ЖШС, дәрілік шөптер өңдейтін «Азия голд» ЖШС, «Ақбұлақ» сүт зауыты сияқты іргелі өнеркәсіп орындары бар. Дегенмен облыстағы 134 мың шағын және орта бизнес субъектісінің әзірге 3 мыңы ғана Сарқан ауданына тиесілі. Бұл ретте аудан әкіміне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде шағын кәсіп иелеріне қолдау көрсету тапсырылды. 

Сонымен қатар Сарқан - қант қызылшасы мен майлы дақылдар өсіруде жетекші ауданның бірі. Аймақта жыл сайын 20 мың тоннадан астам көкөніс, 7 мың тоннадан астам алма өсіріледі, бірақ оларды сақтайтын қойма жоқ. Мал шаруашылығында 30 мыңнан астам сиыр бар, жылына 40 мың тонна сүт өндіріледі. Алайда бірде-бір тауарлы сүт фермасы құрылмаған. Сол сияқты озық технологияларды қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыру, істен шыққан ішкі ирригациялық желілердің жөнделуін ерекше бақылауға алу міндеттелді. 

Ауданның мүмкіндіктерін саралай отырып, алдағы басымдықтарын айқындап берген Қанат Бозымбаев: 

Мұнда тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға ерекше мән беріледі. Қазір «Балқаш» туристік-рекреациялық аймақ» жобасының егжей-тегжейлі жоспары дайын. Осы аймаққа жүргізілетін инженерлік коммуникация жүйелері құрылысының да жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Балқашқа апаратын жол жөнделіп жатыр. Осы шаралардың барлығы мұнда келетін туристер легін 5 есеге арттырады деп жопарланып отыр. Балқаш жағалауында заманауи демалыс аймағын құрып, сервис сапасын көтеру үшін инвесторлар тартуды жандандыру керек. Сарқанның балық шаруашылығын дамытатын әлеуеті бар. Бірақ балық өсірумен айналысатын небары 2 шаруашылық қана тіркелген. Облыс бойынша дайындалатын Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына Сарқан ауданы да үлес қосуы тиіс, - деді. 

Сонымен бірге ауыз су, газдандыру, білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және басқа да маңызды салалар сөз болды. 

Кездесуде сарқандықтар халыққа ортақ келелі мәселелер көтерді. Мәселен, Сарқан қаласындағы ауыз су сапасы көктемгі-күзгі кезеңдерде ойдағыдай емес. Осы проблемаға қатысты «Қашан қалаға таза ауыз су беріледі?» - деп сұраған тұрғынға облыс әкімі Қанат Бозымбаев:

Бұл – таулы аймақта орналасқан елді мекендердің бәріне ортақ мәселе. Басқа аудандарға барғанда да осы мәселе алдымыздан шықты. Биылғы жылы бастоғанның құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары қыркүйекке дейін дайындалып бітсе, келесі жылға қаржы бөліп жұмысты бастауға тырысамыз. Жалпы тұтас облыстағы ауыз су мәселесін 2-3 жыл көлемінде шешуге болады, - деді Қанат Бозымбаев. 

Балқаш көлінің жағасына инфрақұрылым тартса, жағалауды дамытса, кәсібімізді одан әрі кеңейтер едік деген лепсілік тұрғынның да сауалы өзекті. «Демалыс аймағына су, жарық сияқты инженерлік жүйелер жүргізуді бастау үшін алдымен сол жерге келетін инвесторларды анықтап алуымыз керек. Туристер жалпы талапшыл, кірпияз болады, сондықтан бізге тәжірибесі мол, туризм саласына маманданған инвесторларды, мәселен түрік ағайындар бар, Алакөл жағалауында жұмыс істейтін тәжірибелі компаниялар бар, соларды тарту керек. Менің орынбасарым Арслан  Дәндібаев 3-4 айда бұл істі реттейді деп ойлаймын», - деді облыс әкімі. 

Сонымен бірге залдан сұрақ қойған басқа да тұрғындардың өтінішіне орай бірқатар мәселелер сол арада шешімін тапты. Мысалы, Қарабөгет ауылындағы Әл-Фараби атындағы мектептің жөндеуіне бөлінген 100 млн. теңгеге қосымша тағы да қаржы бөлінетін болды, Алтынсу каналын, Сарқандағы Қабанбай батыр көшесін, Орталық стадионды жөндеу мәселелері қайта қаралады. Оған қоса мұғалімдерге жасалатын әлеуметтік қолдаулар, аграрлық шаруашылықтарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағар майдың сапасы, электр жарығының тарифі, жастар саясаты, тұрғын үй құрылысы жайлы да сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. 

Осы күні Қанат Бозымбаев егін шаруашылығымен айналысып отырған «Самал» шаруа қожалығының алқабында болды. Мұнда 50 га жерге қант қызылшасы, 65 га – көп жылдық шөп, 80 га – жүгері және басқа да мал азығы өсіріліп отыр. Мұнан соң аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметімен, аудандық орталық ауруханының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Осы күні аудан әкімі Талғат Қайнарбеков аудандық мәдениет үйінде тұрғын үй құрылысының жоспарлары, ирригациялық жүйлерді қалпына келтіруде қолға алынған шаралар, энергетика саласындағы жаңа жобалар жайлы баяндады.  Мәселен,  «Baskan power» ЖШС бұған дейін «Жоғарғы Басқан ГЭС-1» жобасын іске асырып, электр энергиясын өндіруді бастаған еді. Енді «Жоғарғы Басқан 2 және 3» жобаларының құрылысын жүргізуде. Бұл екеуінің жалпы қуаты – 14,9 МВт, жобалық құны – 2 млрд. теңге. Нысан құрылысы кезінде 200 адам жұмысқа тартылды. Осы жылдың соңына дейін ГЭС іске қосылады. Сонымен бірге қуаты 50 МВт болатын ЖЭС құрылысы басталуда. Сол сияқты облыс әкіміне Балқаш көлі жағалауында туризмді дамыту жоспарлары да кеңінен таныстырылды

Өзгелердің жаңалығы