Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт орнында Ұлттық ұлан жауынгерлері өз қызметтерін абыроймен атқаруда деп хабарлайды сол облыстағы BAQ.KZ тілшісі.
Әулиекөл ауданындағы Бағаналы ауыл маңындағы ормандағы алапат өртті ауздықтауда ел тыныштығы үшін ант берген жауынгерлер нағыз ерліктің үлгісін көрсетуде. Біз оған бүгін арнайы барғанда анық көз жеткіздік.
Жалпы облыс аумағындағы алапат өрт басталғаннан бері сарбаздарда бір тыным жоқ. Себебі олар өрт болған елді мекендердегі адам шығынын болдырмау мақсатында шыбын жандарын шүберекке түюде.
Сарбаздар төтенше жағдай департаментімен бірге Бағаналының барын қорғап қалу жолында аянып қалып жатқан жоқ. Бұл жерге қазіргі таңда Қостанай қаласындағы 6697 бөлімінің 138 сарбазы жұмыс істеп жатыр.
Бұл төтенше жағдай әрбірімізге бірдей ауыр тиюде. Тілсіз жауды ауыздықтауда қолдан келген іс-әрекеттің бәрін жасап жатырмыз. Өршіп жатқан тілсіз жауға барлық күшімізді салып жатырмыз. Сарбаздар мен офицерлер, сержанттар өздеріне берілген сенімді мүлтіксіз ақтауда, - дейді 6697 әскери бөлімінің командирі полковник Медет Есембаев.
Айта кетерлік, төтенше жағдай ауданында Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің 250 әскери қызметшісі Қазанбасы ауданындағы өртті сөндірумен айналысып жатыр. Жалпы Ұлттық ұлан құрылымынан 400-ден астам жауынгер Қостанай жерінде апаттың ортасында жүр.