Сарапшы «Жаңа мамандықтар атласының» маңыздылығын түсіндірді

17 Қыркүйек 2021, 15:45
1783
Бөлісу:
Сарапшы «Жаңа мамандықтар атласының» маңыздылығын түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. XVII Еуразиялық медиа форумның пленарлы сессиясында Ресейдің «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшісі Дмитрий Судаков заман тез өзгеріп жатқанын айтты.

«Жаңа мамандықтар атласын» дайындаған кезде бірқатар мәселені шешуге тырыстық. Оның негізгі концепциясы – жаңа мамандықтарды жасау, дамыту, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жаңа мамандықтар жасауда әлі де ескі тәсілдер мен пікірлер қолданылып келеді.

Бұрын біз еңбек нарығын экономикалық машина ретінде қарастыратынбыз. Ал соңғы кезде адам өзі таңдау жасай алады. Бұдан тәсілдің өзгере бастағанын көруге болады. Яғни адамды экономикаға және оның болашақ жұмысына толықтай дайындай алмаймыз. Өйткені заман мен уақыт тез өзгеріп жатыр. Бірақ 40-45 жастағы не одан да үлкен жастағы азаматтардың өскен, дамыған ортасы, заманы басқа болатын. Мысалы, олар университетті аяқтап, кәсіби қызметін бастады. Енді осы азаматтар қазір жаңа өмірдің өзгерістеріне дайын еместігін түсінеді. Демек бұл жерде білім берудің мәні мен сапасы өзгеру керегі туындайды, - деп түсіндірді Дмитрий Судаков.

Сарапшы бұл көпжақты серіктестік ретінде ұйымдастырылуы қажет екенін айтты. Яғни оған Үкімет, бизнес, жұмыссыз қалушылар қатысуы керек.

Өмір бойы білім алу, оқу экожүйесін қолдайтын бағдарламалар ортасын қалыптастыру қажет. Қазіргі күні деректермен жұмыс істейтін немесе бағдарлама жасайтын IT маман болсаң да 10 жылдың ішінде сұраныс өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан «мамандықтар атласы» келешекке қажетті мамандықтарды анықтап, оның тізімін қалыптастырып қана қоймайды. Бұл жердегі ой адамның білім алуы, дайындығы мен дамуы экономиканың дамуынан, өзгеруінен орын алуы керек. Сол кезде адам жаңа заманға дайын болады, - деп толықтырды ол форумда.

Еске сала кетейік, бүгін үш күнге созылған форум жұмысы аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы