Сарапшы: Бізде мажоритарлыққа қарағанда пропорционалды сайлау жүйесі басым

21 Ақпан 2023, 13:19
3015
Бөлісу:
Сарапшы: Бізде мажоритарлыққа қарағанда пропорционалды сайлау жүйесі басым
Фото: дереккөз

Елімізде 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіні белгілі. Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгеше. Бұлай деуімізге себеп: Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңа форматта өтеді. Депутаттыққа кандидаттар сайлау жүйесінің тағы бір түрі – мажоритарлық жүйе бойынша таңдалады. 

Мажоритарлық жүйе дегеніміз не? Оның парламенттік жүйеден айырмашылығы қандай? Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттың өкілеттілігінде айырмашылық бар ма?

Осы және өзге де сұрақтарға Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.  

- Конституциямызға енгізілген өзгерістерге байланысты алдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау екі түрде жүзеге асырылатыны белгілі. Жалпы, пропорционалды және мажоритарлық жүйенің аражігін ажыратып берсеңіз... 

- Елімізде 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы мажоритарлық және пропорционалды жүйемен өтетіні белгілі. Мажоритарлық жүйе дегеніміз не дегенге тоқталсақ. Мынадай сценарийді елестетейік. Дауыс бере алатын халық саны 10 млн адам бар мемлекетте 100 депутаты бар Парламент қызмет атқарады. 10 млн адам 100 депутатты қалай сайлайды?

Бір шешім ретінде 10 млн халықты 100 округке бөлейік. Сонда бір округтен 100 мың адам парламентке бір депутаттан сайлайды. Бұл – мажоритарлық жүйе. Осы жүйе бойынша округте ең көп дауысқа ие болған кандидат парламентке өтеді. Демек, ең көп дауыс, яғни majority, жүйенің атауы осыдан шыққан. 

Қарапайым тілмен айтқанда, мажоритарлық жолмен өзі сайлауға түсіп отырған аймақтың барлық проблемаларын білетін және жергілікті халық таңдаған адам сайланады. Бұл жүйе бойынша ауылдағы, аймақтағы халық өзін кандидат қылып ұсынуға мүмкіндік бар. Әрі үміткерге қоғамдық ұйым мен партияға мүше болу міндеттелмейді.  

Ал пропорциялық жүйеде округке бөлінбейді. Елдің бәрі бір үлкен округ, мәселен, 10 млн адамның бәрі 100 депутатты бірге сайлайды.

- Екі жүйенің бір-бірінен айырмашылығы қандай? 

- Егер жалпылама түрде ең маңызды айырмашылығын анықтар болсақ: мажоритарлық жүйеде 10 млн сайлаушыны 100 округке бөлесіз. Өйткені бізде 100 депутат, әр округтен бір депутат сайланады. Ал пропорциялық жүйеде жаңа айтып өткенімдей, халық бір үлкен округте 10 млн адам десек, 100 депутатты бірігіп таңдайды. 

- Кемшін тұстары бар ма? 

- Мажоритарлық жүйенің бір кемшілігі – кейбір жағдайда дауыс аз алған партиялар Парламентте көп орын алуы мүмкін. Мысалы, «Демократиялық партия» мемлекет бойынша 30% дауыс алды. Бірақ 30 емес, 46 депутатты Парламентке орналастырды.

Сайлаушылардың дауыс үлесі Парламентте партиялардың иеленген орын үлесіне сәйкес болуы үшін 100 округтың орнына бүкіл мемлекет 1 үлкен округ ретінде елестетуге болады. Бұл – пропорциялық жүйеге тән. Осы жүйе бойынша азаматтар бір кандидат үшін емес, партия ұсынған кандидаттар тізімі үшін дауыс береді. Егер демократиялық партия 30% дауыс алса, онда оған 30 орын беріледі. Былайша айтқанда, дауыс пропорциясы сақталады, жүйенің атауы осыдан шыққан. Жалпылама айтқанда, кемшілігі – депутат өңірге байланбаған. Сондықтан сайлаушылардың, халықтың жергілікті мәселелері Парламентте қозғаламауы мүмкін.

Бұл тәсілдің артықшылығы да бар. Пропорциялықта дауыс пропорциясы Парламентте сақталады. 

- Мажоритарлық жүйе бойынша депутаттыққа өткен адам пропорционалды тәсілмен сайланған әріптестеріне қарағанда ұзағырақ отыра ма? 

- Жоқ, ол жүйеге байланысты емес. Мәжілісте барлық депутаттың өкілеттігі бірдей – бес жыл. 

- Бұдан басқа айырмашылығы бар ма?

- Бұдан өзге айырмашылықтар бар. Бірақ олар жанама нәрселер, әр мемлекетте әртүрлі болып келеді. Мажоритарлық жүйелердің көбінде екі-ақ партия қалады. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Канада секілді мемлекеттерді алып қарауға болады. Пропорциялық жүйелерде партиялар саны көбірек және коалиция деген нәрсе жиі кездеседі. Өйткені бір партия өзі жеке 50% дауыс ала алмайды. Сондықтан бірнеше партия бірігіп коалиция құрады. 

- Біздегі жүйе қайсысына көбірек ұқсас?

- Бізде 69 депутат пропорциялық жүйе, ал 29-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Сол үшін біздікі пропорциялық жүйелерге жақын.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы