АҚШ енгізіп жатқан жаңа импорттық баж салығы бүкіл әлемдік экономикаға кері әсерін тигізуі ықтимал. Бұл туралы қазақстандық "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ CGTN-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ірі экономикаларда тұтыну мен өндіріс көлемінің төмендеуі шикізат экспорттаушы елдерге де ауыр соққы болуы мүмкін.
Дональд Трамп президенттігінің алғашқы кезеңінде-ақ АҚШ Қытайға қатысты импорттық тарифтерді көтеретінін мәлімдеген еді. Бірақ бұл шара импортқа, әсіресе Қытайға тәуелділікті жою мақсатын орындай алмады. Қазір біз сауда соғысының екінші толқынын көріп отырмыз. Бұл жолы тарифтер едәуір жоғары көтерілді. Ең үлкен зардапты, шын мәнінде, АҚШ-тың өзі көреді – оның өндірісі мен халқы, – деді Асқар Қысықов.
Сарапшының айтуынша, АҚШ экономикасы импортқа, оның ішінде жинақтаушы бөлшектер мен тұтыну тауарларына қатты тәуелді. Жаңа тарифтер кейбір өндірістердің тиімсіз болуына әкеліп соғады, ал тұтыну тауарларының бағасы күрт өседі. Бұл өз кезегінде халықтың нақты табысының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Бұл – тек Қытайға немесе бір елге қарсы бағытталған шара емес, бұл – жаһандық жеткізу тізбектерін бұзатын қадам. Мұндай жағдайда шикізат жеткізетін мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан сияқты елдер де зардап шегеді, – деді Қысықов.