Сара Кэмерон: Қазақстандағы ашаршылық пен адам айтқысыз қасірет – The Diplomat

24 Ақпан 2019, 17:46
9643
Бөлісу:
Сара Кэмерон: Қазақстандағы ашаршылық пен адам айтқысыз қасірет – The Diplomat
PHOTO

Фото: ©liter.kz

BAQ.KZ - Әлемпресс. АҚШ-тағы Мэриленд университеті тарих кафедрасының профессоры Сара Кэмерон «Аштық жайлаған дала: Ашаршылық, Зорлық және кеңестік Қазақстанды орнату» (The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan ) атты монографиясында «1930-33 жылдары кеңестік Қазақстанда адам айтқысыз қасіретті кезең болғанын, ресми деректер бойынша республика тұрғындарының төрттен біріне тең келетін 1,5 миллон адам қаза тауып, олардың көбі қазақтар болғанын» жазады.

The Diplomat журналына берген сұхбатында Сара Кэмерон көшпенді қазақтардың өмірі мен сталиндік марксистік-лениндік түсініктің қарама-қайшылықтары туралы айтып, қазақ жеріндегі экономикалық және ұлттық факторларға тоқталыпты.  Baq.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға сұхбаттың ықшамдалған мазмұнын ұсынады.

АҚШ-тағы Мэриленд университеті тарих кафедрасының профессоры Сара Кэмерон «Аштық жайлаған дала: Ашаршылық, Зорлық және кеңестік Қазақстанды орнату» (The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan.)

Сара Кэмерон © thediplomat.com

- Сіз кітабыңызда қазақтар далалы жердің ерекшелігіне бейімделгендіктен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқанын жазыпсыз. Бірақ Ресей империясы, кейіннен Кеңес Одағы қазақтардың бұл өмір салтын цивилизациядан ада, артта қалған мешеулік санапты. Қазақтар расымен де табиғат ерекшеліктерін өз пайдасына асырған ба? Сол кезеңдегі қазақтардың далалы жерге қалай бейімделгенін сипаттап беріңізші.
− Қазақтар далалы жердің экологиялық ерекшеліктеріне бейімделіп, оның ішінде су мен жақсы  жайылымдардың дефицитінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан. Олар қой, түйе, жылқы секілді үй жануарларын жаю үшін алдын ала белгіленген маршрут бойынша жыл мезгілі ауысқанда басқа жаққа көшіп отырған. Қоғам көбіне көшпенділікті артта қалған мәдениет санайды. Бірақ менің кітабымда көшпенді өмір салтының өте қиын жүйе екені жазылған. Қазақтар қоршаған ортадағы өзгерістерден, әсіресе, ауа температурасы мен жауын-шашынның ыңғайсыздығынан бір жылға емес, үш-төрт айға уақытша көшіп отырған. Ал қазақ жеріндегі саяси өзгерістер бұл өмір салтынан бас тартуға мәжбүрледі.

Қазақтардың көбінде тұрақты үй болмағандықтан, Ресей империясы мен кеңестік шенеуніктер даланы адамның ырқына бағындыруға келмейтін «табиғи» ландшафт ретінде қарастырған. Дегенмен, басқа да көшпенді халықтар секілді қазақтар жазық даланы өз қажеттіліктеріне пайдалана білген. Мысалы, суы аз жерлерде жер астынан су алу үшін құдық қазған, ал малдары жейтін шөптің көп өсуі үшін даланың кейбір жерлерін өртеген.

- Орыс қоныстанушылар толқыны қазақтардың жермен қарым-қатынасына қалай әсер етті?
19-ғасыр соңында Ресейдің еуропалық бөлігінен 1,5 миллион крестьян қазақ жеріне көшірілді. Бұл көшпенді қазақтардың өмірін бір-ақ сәтте өзгертті.

1917 жылғы революция қарсаңында қазақ жерінің солтүстігі Ресей империясының дәнді дақылдар өндіретін негізгі аймағына айналды. Сол себепті қазақтардың көпшілігі өздерінің дәстүрлі жайылымдарын тастап кетуге мәжбүр болды. Кейбір қазақтар кезеңдік миграция дистанциясын қысқартты, кейбірі қосымша табыс табу үші жайылымдарын жалға берді. Қазақтар мен қазақ жеріне келген крестьяндар арасында тығыз экономикалық байланыс пайда болды. Оның ішінде дәнді дақыл мен мал саудасы кең тарады. Қазақтар өздері үйренген ет рационынан бас тартып, дақылдарға көше бастады.  Сонымен қатар қазақтар бұл өзгерістер кесірінен тамақтануды азайтқан деген де болжам бар. Дегенмен, Ресей империясы шенеуніктерінің көшпенді өмірдің отырықшылыққа ауысады деген болжамы орындалмады. Кеңестік билік қарсаңында да көптеген қазақтар көшпенді мал шаруашылығымен айналысқаны белгілі.

- Сіз көшпенді мал шаруашылығы Кеңес Одағы үшін әрі экономикалық, әрі ұлттық мәселе болғанын жазыпсыз. Кеңес Одағы бұл екі мәселені қалай шешті және олардың саясаты Қазақстандағы жағдайға қала әсер етті? Бұл саясат ашаршылыққа әкелді ме?
1920 жылдары кеңестік шенеуніктер көшпенді мал шаруашылығының марксистік-лениндік түсінікке қалай үйлесе алатынын ойластырды. Бұл дискуссия, әрине, Кеңес Одағының ең ірі көшпенді халқы болған қазақтар туралы болды. Кеңес Одағының кейбір сарапшылары қазақ республикасының ландшафтына көшпенді өмір салты тиімді екенін, оны өзгертудің, отырықшылыққа ауыстыруға талпынудың арты қиын болуы мүмкін екенін ескертіпті. 

Кейбір қазақтар көшпенді өмірдің артта қалмағанын айтып, Мәскеудің «ұлттық саясатына» қарсы шыққан. Басқа халықтарды Кеңес «ұлтына» айналдыру мақсатын құптамағандар көшпенді қазақтарда жекеменшік пен таптық бөлініс болмағанын айтқан. Олар өзін коммунизмнің ерекше үлгісі бар дамыған қоғам санаған.

1928 жылы экономикалық және ұлттық даму мәселесі бірінші орынға шықты. Осы жылы Кеңес Одағы нарығында дәнді дақылдар жетіспей, тапшылық орнады. Билік индустрияландыруды арттыра бастады. Ал көшпенділердің өмірі бұл жоспарға мүлдем қарама-қайшы болды. Осы уақытта сарапшылар Қазақстан тарихын марксистік-лениндік призма арқылы оқи бастады. Олар «артта қалған» көшпенді өмір салтының заманауи кеңестік кезеңдегі дамытуға мүлдем үйлеспейтінін айтты. Осылайша олар экономикалық және ұлттық мәселелерді біріктіріп, көшпенділер туралы дискуссияны тоқтатты. 1929-30 жылдың қысында Мәскеу бүкіл Кеңес Одағын ұжымдастыра бастады. Қазақтар бір мезетте отырықшылыққа көшіп, бірден ұжымдасуға мәжбүр болды. Осылайша қазақтардың көшпенді өмір салтына ірі шабуыл басталды.

- Украинадағы ашаршылық туралы бүкіл әлем біледі. Ал қазақ жеріндегі ашаршылықтың не себепті ескерусіз қалғанын түсіндіріп бере аласыз ба?
Батыста, әсіресе, Солтүстік Америка Украинадағы ашаршылық туралы украин диаспорасының арқасында таныды. Ал аз ғана қазақ диаспорасы ашаршылық туралы ондай деңгейде айта алмады. Осылайша көпшілігі ашаршылық тек Украинада болған деген түсінікте болып, қазақ жеріндегі ашаршылық көлеңкеде қалды.

Тағы бір себебі, Батыста біз Кеңес Одағының тарихын тұтас қарастырамыз. Яғни, Кеңес Одағының құрамына кірген халықтар туралы жеке зертетп көрмегенбіз. Бұл жерде қазақ тарихы біздің кеңестік тарих туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек екеніне бір ғана мысал бола алады.
Сонымен қатар қазақтардың көшпенді халық болғаны да ашаршылық туралы зерттемеуге әсер еткен. Себебі көшпенді халықтарда ауз әдебиеті жақсы дамыған, ал жазбаша естеліктер аз. Сол себепті тарих туралы зерттеулер қиынға соғады. Ал менің қолымдағы көшпенді халықтар туралы жазбаша еңбектердің көбінде көшпенділердің «артта қалғаны» туралы түсінік басым. Яғни, біз бұл халықтарды «цивилизацияға» бейімдеу үшін осындай қатал шаралар қажет болды деп ойлап келдік. Соның кесірінен саны аз халыққа жасалған қастандық туралы білмейміз. Бұл оқиға батыста түсінікті болу үшін Америка Құрама Штаттарының негізгі халқына жасалған қастандықтың масштабын мойндатуға бағытталған күресті еске алсақ жеткілікті. 
- Қазақстанда ашаршылықты қалай еске алады? Бұл туралы оқулықтарда айтылып, ескерткіштер қойылған ба?
Қазақстанда ашаршылыққа арналған мемориалдар бар. Кейін Астана мен Алматыда да ашылды. Ашаршылық туралы тарих оқулықтарында да жазылған. Дегенмен, онда көлемді материал берілмейді. Яғни, көлемді зерттеулер жоқтың қасы. Қазақтар ашаршылыққа Сталин мен Филипп Голощекинді кіналайды. Бірақ халыққа үлкен қасірет әкелген ашаршылық туралы көп айтылмайды.

Дегенмен, жастардың өз тарихындағы бұл қасірет туралы көп білгісі келетіні байқалады. Кітабым жарияланғалы мен Қазақстаннан көп хат алдым, кітабымды сұраушылар саны да көп.
- Қазақ жеріндегі ашаршылық «геноцид» болды ма? Қазақстан халқы ашаршылықты қалай сипаттайды?
Қазақтар ашаршылықты геноцид санайды. Біз бұл сөздің анықтамасына қарауымыз керек. Бірікке Ұлттар Ұйымы қабылдаған геонцид терминінің анықамасында оның белгілі бір халықты жою үшін жасалатыны айтылған. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ жеріндегі ашаршылық геноцидке жатпайды. Себебі ашаршылық қазақтарды жою үшін емес, көшпенді өмірді жою барысында болған. Дегенмен, менің ойымша, қазақ жеріндегі ашаршылықты геноцидтің кең мағынасында қарастыру керек. Себебі ашаршылық қазақ жеріндегі саяси, әлеуметтік және мәдени өмірді ойрандады. Мәскеу ұжымдастыру арқылы көшпенді өмірді жойғысы келді. Ал бұл қазақ мәдениетінің негізгі бөлігі болғаны белгілі.

Геноцид туралы сұрақ өте қиын. Себебі геноцид қылмыстың қылмысы. Қазақ жеріндегі ашаршылықтың геноцид терминінің ресми анықтамасына сәйкес келмеуі бұл жауыздықтың масштабы мен халықтың көрген азабы аз болғанын білдірмейді. Терминнің анықтамасына сай болмайтын оқиға назар аударуға тұрмайды деу де жаңсақ пікір. Қазақ жеріндегі ашаршылық та саяси процесс салдарынан пайда болды және қаншама адамның өмірін қиратты. Сол себепті біз неліктен ресми анықтамаға сай келетін оқиғаларға ғана жөнді назар аударып, Қазақстандағыдай жағдайларды назардан тыс қалдыратынымызды ойлануымыз керек.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек
Өзгелердің жаңалығы