Сақтандыру бойынша қандай медициналық көмек алуға болады?

9 Ақпан 2022, 18:45
2108
Бөлісу:
Сақтандыру бойынша қандай медициналық көмек алуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кез келген адамды «Маған медициналық сақтандыру не үшін қажет, не үшін жарна төлеймін» деген сипаттағы мәселе қызықтыратыны анық. Ал басым көпшілігі МӘМС жүйесінде қандай медициналық көмектерді тегін алуға болатынын біле бермейді. 

Жүйе бойынша тізбеге қандай қызметтер кіретіні және сақтандырылған азаматтардың қандай құқығы бар екендігін Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі айтып берді. 

Елімізде көрсетілетін медициналық көмектің көлемін арттыру үшін аталған жүйе енгізілгені белгілі. Қор биыл халыққа медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр. 

Айта кетерлігі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сақтандырылмаған азаматтарға да көрсетіледі. Оған шұғыл жағдайларда медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу кіреді.  

Арнайы тізбедегі медициналық көмек «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтарға көрсетіледі. Бұл ретте 15 жеңілдік санатындағы 11 млн адамға мемлекет жарна төлейді. Бұл адамдар сақтандырылған және қосымша ақысыз медициналық көмек алуы тиіс.

МӘМС бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесіне  мыналар кіреді: 

* Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу):

- скринингтік зерттеулер;

- МСАК дәрігерлерінің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың консультациялары;

- ауруларды диагностикалау және емдеу;

- халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысандағы стоматологиялық көмек;

- күндізгі стационар және үйдегі стационар; 

- рәсімдер мен манипуляциялар;

* Тәулік бойғы стационарда ауруларды емдеу және диагностикалау. Бұл жерде біз барлық аурулар бойынша медициналық көмек туралы сөз болып отыр. Оған қымбат тұратын оталар, мысалы, кардиологиялық, ортопедиялық, есту органдарына жасалатын операциялар және т.б. жатады. 

* Диагностика және емдеу хаттамаларында көзделген барлық аурулар бойынша медициналық оңалту; 

* Скринингтік зерттеулерді, операцияларды және т. б. жүргізу кезінде биоматериал жіберілетін гистологиялық, цитологиялық және басқа да зерттеулерді қамтитын патологиялық-анатомиялық диагностика; 

* транспланттау кезіндегі диагностикалық зерттеулер; 

* Дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.

Шұғыл көмек сақтандырылмаған адамдарға да көрсетілетінін білген жөн, өйткені ол ТМККК шеңберінде жүргізіледі. Алайда медициналық көмек жоспарлы түрде МӘМС-те ұсынылады. Сақтандырылған тұлға мәртебесіне ие бола отырып, пациент медициналық қызметтердің көптеген түріне қол жеткізе алады. Бейінді мамандардың қабылдауы, әртүрлі талдаулар, КТ, МРТ, УДЗ, рентген, ЭКГ секілді құны қымбат зерттеулер, көптеген аурулардың диагностикасы, оңалту қызметтері, жоспарлы операциялар МӘМС тізбесіне кіреді. Яғни, бұрын ақылы негізде көрсетілген қызметтерді сақтандырылған азаматтар қазір тегін ала алады, – деп түсіндірді қордың елорда филиалының баспасөз қызметі. 

«Сақтандырылған» мәртебесін алу үшін алдыңғы 12 айдың жарнасын төлеу қажет. Ал БЖТ төлеушілерге соңғы айларда, соның ішінде ағымдағы айларда үш рет уақытылы төлем жасалуы жеткілікті. БЖТ төлеушілер үшін сақтандырылу мәртебесі төленген айдың соңғы күніне дейін әрекет ететіндігін есте сақтау қажет, мысалы, егер МӘМС үшін төлем ақпан айында болса, онда 1 наурыздан бастап БЖТ кезекті төлемін жасамаса, адам сақтандырылмайды. Егер ағымдағы кезеңде немесе алдын ала төлем болмаса, мәртебе жоғалады және оны қалпына келтіру үшін БЖТ-да үшінші бірізді төлемнің басталуын қайтадан күтуге тура келеді. 

Өзгелердің жаңалығы