Қызыл кітапқа енген дала қыранын бақылау жұмыстары жалғасуда. "Алтын-Емел" ұлттық паркінде сақина тағылған балапандарға енді GPS-трекерлер орнатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген дала қыранының ұясы табылды. Осыған орай ұлттық парк қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары екі балапанға сақина салу жұмыстарын жүргізді, - деп жазылған Көлсай көлдері ұлттық паркі хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, қыран балапандары ұшуға дейінгі 30–60 күн ішінде жаттығу жасап, қанат қағады. Ал 50–60 күнге жеткенде алғаш ұшуға талпынады. Ғалымдар дәл осы кезеңде оларға GPS-трекер орнатуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар қырандардың көшіп-қону бағытын, тіршілік ерекшеліктерін зерттеуге, сондай-ақ популяция мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық парк мамандары ұяны әрі қарай да тұрақты бақылауда ұстамақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін қарлығаш құсы зауыт есігіндегі маңдайшаға ұя салғанын жазған болатынбыз.